Үкіметте газ саласын дамыту мәселесі қаралды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онда ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету ұзақмерзімді жоспарлауды, ресурстық базаны кеңейтуді және стратегиялық жобаларды уақтылы жүзеге асыруды талап ететіні атап өтілді.
«Мемлекет басшысы экономиканың орнықты дамуы үшін заманауи энергетикалық инфрақұрылым, ішкі нарықты энергия ресурстарымен сенімді түрде қамтамасыз ету және стратегиялық инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін әрдайым атап көрсетеді.
Бұл міндеттер толығымен газ саласына да қатысты. Себебі ішкі тұтыну көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Өткен жылы 20 млрд текше метрге жетті.
Президент қойған міндеттерге сәйкес, Үкімет газ саласын дамытудың кешенді және Перспективалы жаңа кен орындарын игеру жоспарларын бекітті», - деп атап өтті Премьер-министр.
Жиында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, QazaqGaz АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасайды.