Қазақстанда ел алдындағы айрықша еңбегі үшін немесе төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеуметтік көмек ретінде республикалық бюджеттен ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
1 қарашадағы жағдай бойынша, оның алушыларының саны 207 780 адамды құрады, оларға 22,3 млрд теңге төленді.
АМЖ алуға құқылы азаматтардың 17 санаты Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен басқа мемлекеттердің аумағында өткен әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің әйелдері мен қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар, тыл еңбеккерлері, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар, саяси репрессиялардың құрбандары, мүгедектігі бар адамдар немесе зейнеткерлер, Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалғандар және басқа да азаматтар.
Жәрдемақы мөлшері алушының санатына байланысты және 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке дейін өзгеріп отырады. Арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері жыл сайын АЕК мөлшерінің артуына байланысты, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тәртіп бойынша көтеріліп отырады.