Елде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үш есе арзандады

Бүгін, 16:04
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үш есе арзандады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте бірінші тоқсанның алдын ала қорытындылары қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа өсу индексі 0,3%-ды құрады. Бұл өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда (0,9%) үш есе төмен.

Жалпы алғанда, бірінші тоқсанда баға өсімі 1,2% болды, бұл да 2025 жылдың осы кезеңіндегі деңгейден (3,8%) үш есе төмен. Бұл динамика баға өсімінің тұрақты баяулауын көрсетеді.

Кеңесте ресми статистика тұтыну бағалары индексін есептеудің халықаралық әдістемесіне сәйкес қалыптастырылатыны және 537 тауар мен қызмет түрін қамтитыны айтылды. Мониторинг бүкіл ел бойынша 12 мыңнан астам сауда нысанында жүргізіледі. Ішкі сауда жүйесінде шамамен 760 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, олардың 300 мыңнан астамы азық-түлік өнімдерін сатумен айналысады.

Бағаның негізгі төмендеуі көкөніс тобы бойынша тіркелді. Қырыққабат 1,9%-ға, қызанақ 2,6%-ға, пияз 10,9%-ға, қияр 22,6%-ға арзандады. Жыл басынан бері қияр бағасы 31,1%-ға төмендеді.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, нарықты отандық өніммен қамтамасыз етудегі оң динамика көбіне жылыжай шаруашылықтарын қолдау бағдарламасының арқасында мүмкін болды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жылыжайлардың жалпы алаңы 1,33 мың гектарды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 12,6 гектарға артты. Негізгі өсім фермерлік жылыжайлар есебінен қамтамасыз етілді – 713,3 гектардан 799,4 гектарға дейін. 

«Қазіргі уақытта министрлік өнеркәсіптік жылыжайлармен қызанақ пен қияр бағасын тұрақтандыру жөнінде меморандумдар жасасу бойынша келіссөздер жүргізуде», - деп хабарлады Айжан Бижанова.

Фото: primeminister.kz

Оған қосымша «ҚТЖ» ҰК» АҚ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық түрін, сондай-ақ әлеуметтік нан өндіруге арналған ұнды тасымалдауда теміржол тарифтеріне айтарлықтай жеңілдіктер беру мәселесін пысықтауда.

Көктемде ерте пісетін көкөністерге бағаның маусымдық өсуі ескеріле отырып, ел нарығындағы өткен жылғы өнім қоры мен басқа елдерден жеткізілетін ерте пісетін өнімдердің жағдайы да өз алдына бөлек қаралды. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорларындағы өткен жылғы өнім қорлары қарқынды түрде сатылуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, олардың қалдығы жалпы қор көлемінің шамамен 24%-ын құрайды.

Наурыз айының басынан бастап елдің ішкі нарығына Қытайдан жаңа көкөністердің күнделікті жеткізу ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта 3 200 тонна картоп, 800 тонна сәбіз, 14 тонна ақ қырыққабат жеткізілді.

31 наурызда Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті, өңірлік ӘКК, ірі сауда желілері, KTZ-Express және QazTrade өкілдерінен құралған делегация ерте пісетін өнімдерді сатып алу үшін Өзбекстанның оңтүстік өңірлеріне барады.

Бағаның төмендеуіне Наурыз мейрамы кезеңінде өткен мерекелік жәрмеңкелер де қосымша әсер етті. Ел бойынша мереке күндері 200-ден астам тақырыптық жәрмеңке өткізілді. Жалпы, жыл басынан бері 1,5 мың жәрмеңке ұйымдастырылды. Nauryz sale акциясына 70%-ға дейінгі жеңілдіктер ұсынған 300 сауда субъектісі қатысып, 4 миллионнан астам адам қамтылды.