Референдум-2026

Еділ Темірбеков: Садақ атудан жазғы Азия ойындарында Олимпиада чемпиондарымен жүлдеге таласамыз

Еділ Темірбеков: Садақ атудан жазғы Азия ойындарында Олимпиада чемпиондарымен жүлдеге таласамыз
Фото: Қанат Байұзақов

Садақ атудан Оралда өткен Қазақстан чемпионаты ұлттық құраманың қазіргі әлеуетін айқындады. Осы орайда Федерацияның атқарушы директоры Еділ Темірбеков Elordainfo.kz тілшісіне ел чемпионатының қорытындысын шығарып, Азия ойындарына дайындық, құрамды жасақтаудағы бәсекелестік және кейінгі жылдары отандық садақ атудағы тарихи жетістіктер туралы айтып берді.

- Садақ атудан 26-31 шілде аралығында Орал қаласында Қазақстан чемпионаты өтті. Жарыс қорытындысы сіздің көңіліңізден шықты ма?

-    Қазақстан чемпионаты – еліміздегі ең маңызды жарыстың бірі және оның қорытындысы көңілімізден шықты. Ең бастысы – Жазғы Азия ойындарына қатысатын 10-нан астам ұлттық құрама спортшысы барлығы дерлік финалдық кезеңге дейін жетіп, өз деңгейлерін көрсете алды. Сонымен қатар, өңірлердегі спортшылардың нәтижелері жылдан-жылға жақсарып келеді. Бұл өңірлерде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі деп есептеймін. Жарыс қорытындысы бойынша, Жетісу облысы жалпы есепте топ жарса, Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысы үздік үштікті түйіндеді.

- Чемпионат аясында қай спортшы өзінің жақсы қырынан көрсете алды деп ойлайсыз? Қай спортшы толыққанды мүмкіндігін көрсете алмады?

-    Блоктық садақ атудан Диана Юнусова өзінің жоғары деңгейдегі дайындығын көрсетіп, жарысты сәтті өткізді. Ол ширек финал мен финалда мүмкін болған 150 ұпайдан 149 ұпай жинады. Керемет көрсеткіш. Әсіресе Диана финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері Адель Жексенбиновадан басым түскенін де айта кеткен жөн. Блоктық садақ атудан Мұса Ділмұхамет те үздік екендігін дәлелдей білді. Ол әлемдік рейтингте ТОП-50-ге кіретін Андрей Тютюн мен финалда АкбаралиКарабаевты сенімді түрде жеңді. Ал классикалық садақ атудан Дастан Каримов ширек финалға дейін ғана жетіп, өз әлеуетін толық көрсете алмады. Дегенмен, бұл спортта әр жарыстың өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан алдағы халықаралық жарыстарда өз нәтижесін жақсартады деп сенеміз.

- Жазғы Азия ойындарының басталуына 1 айдан астам уақыт қалды. Құраманы жасақтау қиынға түсті ме? Осы чемпионат аясында олармен қай бағытта жұмыс істеу керектігін байқаған шығарсыз?

-    Иә, құраманы жасақтау оңай болған жоқ. Себебі бастапқы тізімде болмаған бірқатар спортшылар сәуір және мамыр айларындағы жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, өздерінің дайын екендігін дәлелдеді. Соның нәтижесінде құрамға өзгерістер енгізуге тура келді. Бұлеліміздегі бәсекелестіктің артқанын және спортшылардың нәтижеге жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

Ендігі басты міндет – жарыс жағдайындағы тұрақтылықты арттыру. Cебебі, жазғы Азия ойындарында Олимпиада чемпиондары Оңтүстік Корея, былтырғы әлем чемпиондары Үндістан, Тайпей және жарыс қожайыны Жапониямен жүлдеге таласуға тура келеді. Психологиялық жағынан, жел жағдайында атуға әрқашан дайын болуға тиіспіз.

- Чемпионат барысында ауа-райы 40 градус ыстық және финал күні жаңбырлы болды. Осындай сәттер қаншалықты спортшыға әсер етеді?

-    Халықаралық деңгейдегі жарыстардың басым бөлігі, соның ішінде Әлем чемпионаты, Азия чемпионаты және Азия ойындары көбіне 40 градусқа дейінгі ыстық ауа райында өтеді. Салдарынан спортшының ағзасы тез шаршап, зейіні төмендейді. Мұндай жағдайларға біздің спортшылар үйренуі тиіс. Өз кезегінде жарысты ұйымдастырушы қала спортшыларға қолайлы жағдай жасайды: тегін салқын су, шатырлар және демалыс аймақтарымен қамтамасыз етіледі.

Ал финалдық кезеңдегі жаңбырдың әсері айтарлықтай болды. Жаңбыр кезінде жебенің ұшу траекториясы өзгеріп, төмендейді. Сондықтан спортшылар көздеуіштің баптауын өзгертуге мәжбүр болады. Егер жаңбыр салдарынан нысана көрінбей қалса, техникалық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жарыс уақытша тоқтатылып, ауа райы тұрақталғаннан кейін қайта жалғасады. Бағымызға қарай,  алғаш рет жазғы чемпионат Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіліп, ешқандай кідіріссіз өтті.

- Биылғы бәсекеге 10 облыстан 300-ге жуық садақшы қатысты ғой. Бұл жақсы көрсеткіш пе? Өзге спорттармен салыстырар болсақ, өңірлердің қамтылу деңгейі төмендеу ғой. Сіздің ойыңызша, қалған облыстарда осы спорт түрін дамытуға не жетіспейді?

-   Жақсы көрсеткіш. Федерация 2025 жылдан бастап өңірлерде садақ атуды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұған дейін еліміздің 10 өңірінде ғана бұл спорт түрі белсенді дамыған болатын. Ал 2026 жылдан бастап тағы 7 өңірде садақ ату бөлімдері ашылып, демеушілердің қолдауымен жаттықтырушылар бекітілді. Алдағы 2027 жылы барлық 17 өңірдің республикалық жарыстарға толыққанды қатысуын қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз.

- Садақ атуда жаңа бас бапкер Бауыржан Жолдыбаевтың құрама тізгінін ұстағанына 1 жылдан астам уақыт болды ғой. Осы аралықта қандай жұмыстар атқарылды деп санайсыз?Кейінгі жылдары Қазақстанда садақ атудың деңгейі өсті деп айта аласыз ба? Әлде әлі де шешімін күткен мәселелер көп пе?

-    Бас жаттықтырушының тағайындалғанына бір жылға жуық уақыт болды. Осы кезеңде рейтингтік жүйе енгізіліп, ұлттық құраманың штаттық тізімін жаңарту тәртібі жетілдірілді. Бұрын құрам жылына бір рет жаңартылса, қазір әр 6 ай сайын қайта қаралады. Бұл спортшылар арасында бәсекелестікті күшейтіп, әрқайсысына өз нәтижесін тұрақты дәлелдеуге мүмкіндік береді.

Кейінгі бір жылдағы халықаралық нәтижелер де бұл жұмыстың тиімділігін көрсетті. Азия кубогында Қазақстан құрамасы тарихында алғаш рет 2 алтын медаль жеңіп алды. Әлем чемпионатында 32 жылдан кейін алғаш рет қола жүлдеге қол жеткіздік. Азия чемпионатында да тарихымызда алғаш рет екі алтын медаль иелендік. Бұл еліміздегі садақ ату спортының деңгейі біртіндеп өсіп келе жатқанының айқын дәлелі.

- Қазақстан чемпионатын барлық өңірлер қабылдауға қауқарлы ма? Стадион қолжетімді ме? Осы жағынан қаншалықты қиындықтар болады?

-    Қазіргі таңда республикалық жарыстарды өткізу үшін өңірлерде орталық стадиондар немесе талапқа сай кең алаңдар қарастырылады. Себебі көптеген садақ ату алаңдары республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге сыйымдылығы жағынан жеткіліксіз. Спортшылар саны жыл сайын артып келе жатқандықтан, кең әрі халықаралық талаптарға сәйкес келетін спорт нысандарын пайдалану қажеттілігі туындап отыр. Мысалы, Орал қаласындағы Қазақстан чемпионаты «Жастар» футбол стадионында өтсе, жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігін Қызылордадағы заманауи «Қайсар Арена» стадионында өткізуге келістік. Ал Қазақстан Кубогының финалын ұйымдастыру үшін, Алматы қаласында қолайлы стадион табу міндеті тұр. 

- Азия ойындарының басталуына бірер ай уақыт қана қалды. Жапониядағы жарыс алаңы сіздерге қаншалықты таныс? Ол жақтың климаты, уақытына бейімделу мақсатында қандай жұмыстар жүргізілмек?

-    Бұған дейін Олимпиада ойындары мен оқу-жаттығу жиындары аясында Жапонияда дайындық өткіздік. Ал Жазғы Азия ойындары қарсаңында ұлттық құрама Корея Республикасының Сеул қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Бұл өңірдің климаттық жағдайы жарыс өтетін ортаға жақын болғандықтан, спортшылардың бейімделуіне және жоғары деңгейде дайындалуына оң әсер етеді. Одан кейін спортшыларымыз бірден сол жақтан Жапонияға аттанып кетеді.

- Азия ойындарында қандай міндет қойып жатырсыздар?

- 1994 жылдан бері өтіп келе жатқан Азия ойындарында Қазақстан классикалық садақ атудан әзірге бір ғана жүлде жеңіп алған. 2002 жылы ерлер құрамасы қола медаль иеленген болатын.

Ал 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында классикалық садақ атудан Ильфат Абдуллин Олимпиада және әлем чемпионы Ли У Сокты (Оңтүстік Корея) ширек финалда жеңіп, үлкен сенсация жасады. Алайда жүлдеге бір қадам жетпей, төртінші орынмен аяқтады. Блоктық садақ атудан Андрей Тютюн мен Адель Жексенбинова аралас жұптық сында төртінші орын алса, Андрей Тютюн, Ақбаралы Қарабаев және Адель Жексенбинова жекелей сында ширек финалға дейін жетті.

Биылғы басты мақсатымыз – кем дегенде 2002 жылғы нәтижені қайталап, Азия ойындарының жүлдесіне қол жеткізу. Ал мүмкіндік болып жатса, Қазақстан садақ атуының тарихында жаңа белеске көтерілуді көздейміз.

- Сұхбатыңызға рахмет!