Дүниежүзілік байқаудың финалында қазақстандық жас робототехниктер жоғары деңгейде өнер көрсетті

Дүниежүзілік байқаудың финалында қазақстандық жас робототехниктер жоғары деңгейде өнер көрсетті
Фото: Қостанай облысы әкімдігі

Қытай Халық Республикасының Уси қаласында өткен World Robot Contest Final (WRCF) дүниежүзілік роботтар байқауының финалы әлемнің әр түкпірінен барған жас өнертапқыштарды бір алаңға жинады. Аталған беделді халықаралық жарыста Қазақстан атынан қатысқан жас робототехниктер жоғары деңгейде өнер көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дүниежүзілік роботтар байқауының финалында Қостанай облысы Амангелді ауданы Амантоғай орта мектебінің оқушылары Әубәкір Хақназар мен Дүйсенбай Бекнұр өздерінің инженерлік жобаларын сәтті қорғады. Олар «Шұғыла» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы жанындағы «РобоШеберхана» үйірмесінің тәрбиеленушілері. Оқушыларды халықаралық додаға үйірме жетекшісі Лаура Жетібаева дайындаған.

Халықаралық байқау барысында қатысушылар робототехника саласындағы теориялық білімдерін, практикалық дағдыларын, инженерлік ойлау қабілеттерін және командамен жұмыс істеу мәдениетін көрсеткен. Қазылар алқасы жобалардың техникалық шешімдеріне, жаңашылдығына және орындалу сапасына ерекше назар аударған.

«Бұл жетістік – жас жеткіншектердің тынымсыз еңбегінің, жетекшінің кәсіби шеберлігінің, сондай-ақ ата-аналар мен білім ордасының жан-жақты қолдауының нәтижесі. Осындай байқаулар оқушылардың ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттырып, елдің инновациялық дамуына серпін береді.

Қостанай облысының жас робототехниктерінің жетістігі – өңір ғана емес, тұтас ел мерейін үстем еткен маңызды нәтиже. Алдағы уақытта да «РобоШеберхана» үйірмесінің тәрбиеленушілері жаңа белестерді бағындырып, халықаралық ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтата береді деген сенім мол», - делінген хабарламада.

Бұған дейін Робототехника бойынша Daryn FIRST Qualifier 2026 фестивалі қорытындыланғанын жазған едік.