Депутат Үкіметтен балалардың ойын алаңдарын бақылауға алуды сұрады

Бүгін, 16:26
Думан Аманжол Думан Аманжол
Депутат Үкіметтен балалардың ойын алаңдарын бақылауға алуды сұрады
Мәжіліс видеосының скриншоты

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Премьер-министрге балалар ойын алаңдарының қауіпсіздігі мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда сауда ойын-сауық орталықтары тек сауда орны емес, қоғамдық әлеуметтік кеңістікке айналған. Алайда балаларға арналған ойын алаңдарының қауіпсіздігі мен сапасы өзекті мәселе болып отыр.

«Қазақстанда шамамен 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы мен 70 мыңға жуық сауда нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде балалар ойын алаңдары кеңінен таралғанымен, бірақ қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуінде күмән бар.

Күн сайын мыңдаған бала ойын алаңдарына барады. Яғни, ірі орталықтарда және басқада балалар ойын алаңдарына келушілер саны шамамен 100 мыңға жетсе, демалыс, мерекелік күндері 2 - 3 есеге асады. Ол жерде адам санына мән бермейді. Осындай үлкен ағында әрбір баланың қауіпсіздігі - тек талап емес, бұл мемлекеттің тікелей жауапкершілігі болуы тиіс деп санаймын.

Логикаға сүйенсек, сауда орталықтарында ең қымбат орын - бірінші қабат. Себебі адам ең көп жүретін жер сол. Қабат жоғарылаған сайын жалға алу арзандайды. Кейбір сарапшылардың айтуынша, кинотеатр мен балалар алаңы әдейі жоғарыға қойылады. Себебі адамдар сол жаққа бара жатып, жолда дүкендерді аралап өтеді. Бірақ мұндай тиімділік «қауіпсіздікке» қайшы. Адам көп жиналатын орындар бірінші қабатта болғаны дұрыс. Себебі, шынайы өмірде кейбір қауіпсіздік талаптары сақталмай жатады», - деді Мархабат Жайымбетов.

Сонымен қатар санитарлық жағдай мәселесі де көтерілді. Балалар жиі пайдаланатын ойын жабдықтары уақытылы залалсыздандырылмаса, түрлі инфекцияның таралу қаупі артады. Әсіресе, мейрамханалардағы балалар алаңының тазалығы алаңдаушылық туғызады.

«Балалар қолымен ұстап, бірге ойнайтын жабдықтар - тазалық сақталмаған жағдайда көзге көрінбейтін қауіп көзіне айналады. Жүйелі залалсыздандырудың жоқтығы түрлі инфекциялардың таралуына жол ашуы мүмкін. Мейрамханадағы балалар алаңының санитарлық талаптары үлкен мәселе. Ал бұл - баланың денсаулығына тікелей қатер!

Қызмет көрсету сапасы мен баға саясаты да бірізділіктен алшақ. Мысалы, демалыс, мерекелік күндері кейбір ойын алаңдарына әлеуметтік осал топтың балдарына жеңілдік қарастырылса, кейбіреуінде мүлдем жоқ! Сондай-ақ, ірі қалада немесе бір орталықта көрсетілетін қызмет бағасы екінші жерде 30 - 50% айырмашылықпен ұсынылуы - нарықтағы ашықтықтың жеткіліксіздігін көрсетеді», деді депутат.

Осыған байланысты депутат бірқатар ұсыныс енгізді.

«Біріншіден, балалар ойын алаңдарын орналастыру талаптарын нақтылап, үлкен ойын - сауық алаңдарында оларды тек бірінші қабатта орналастыруды заңмен міндеттеу және эвакуациялық шығу жолына дейінгі 20 метр нормасының сақталуын қатаң бақылауға алу қажет.

Екіншіден, санитарлық талаптарды күшейтіп, ойын жабдықтарын күніне кемінде екі рет міндетті түрде залалсыздандыру нормасын және лизенция алу тәртібін енгізу. Қажет болған жағдайда құзырлы органдармен талаптардың сақталуына қатысты ай сайын тексеру жоспарын бекітіп, ақпаратты көпшілікке ашық ұсыну қажет.

Үшіншіден, ойын алаңдары қызметкерлері үшін міндетті кәсіби даярлық жүйесін қалыптастыру.

Төртіншіден, баға саясатын реттеп, қызмет құнының қалыптасуын ашық ету маңызды. Яғни, әлеуметтік осал топтағы балалардың барлығына барлық күнде бірдей жеңілдік қарастыру», деп мәлімдеді халық қалаулысы.