Референдум-2026

Дәулет Тұрлыханов: Бүгіннен бастап еліміздің конституциялық дамуында жаңа кезең басталды

Бүгін, 15:53
Думан Аманжол Думан Аманжол
Дәулет Тұрлыханов: Бүгіннен бастап еліміздің конституциялық дамуында жаңа кезең басталды
Фото: instagram.com/daulet_bolatuly_turlykhanov

VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Қазақстан Парламентінің жұмысы қорытындыланған соң, елдің заң шығару жүйесінің 30 жылдық тарихына тоқталып, оның мемлекеттілікті нығайтудағы рөлін жоғары бағалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевнің қатысуымен өткен қорытынды отырыс ерекше тарихи мәнге ие болды. Сондай-ақ биыл Қазақстанның қос палаталы кәсіби Парламентінің құрылғанына 30 жыл толып отыр.

«1995 жылғы Конституцияның қабылдануымен Мәжіліс пен Сенаттан тұратын кәсіби Парламент қалыптасып, еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамуына берік негіз қалады. Осы жылдар ішінде Парламент тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастырып, мемлекет дамуының барлық кезеңінде ел мүддесіне қызмет еткен маңызды конституциялық институт болды.

Президент бастамашы болған саяси реформалар Парламенттің рөлін күшейтіп, халық алдындағы жауапкершілігін жаңа деңгейге көтерді. Мемлекет басшысы кеше сөйлеген сөзінде де әрбір заң ең алдымен азаматтардың игілігіне қызмет етуі тиіс екенін ерекше атап өтті.

VIII шақырылым Мәжілісінің депутаты ретінде осы тарихи кезеңде елге қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе болды. Әрбір заң жобасының артында халықтың тағдыры мен мемлекеттің болашағы тұрғанын терең сезіне отырып еңбек еттік.

Парламенттің 30 жылдық тарихы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу, мемлекеттіліктің нығаю және заң үстемдігін орнықтыру жолындағы тағылымды тарих.

Бүгіннен бастап еліміздің конституциялық дамуында жаңа кезең басталды. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес, екі палаталы Парламент өз өкілеттігін аяқтап, заң шығарушы жоғары өкілді орган ретінде Құрылтай институтына жол береді. Бұл – уақыт талабынан туындаған тарихи шешім.

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси кезеңі ел бірлігін нығайтып, мемлекетіміздің өркендеуіне жаңа серпін берсін», деп жазды Дәулет Тұрлыханов әлеуметтік желіде.