Дастан Қанатқанов: Бұл – мемлекеттің экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған маңызды шешім
Астана қаласы әкімдігінің «№5 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі» КММ басшысы Дастан Қанатқанов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаровтың Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында ұлттық валюта – теңгенің мәртебесін Конституция деңгейінде бекіту туралы бастамасын толық қолдаймын. Бұл ұсыныс – мемлекеттің экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған маңызды шешім. Ұлттық валюта елдің тәуелсіз қаржы саясатын жүргізудің, ішкі нарықты қорғаудың және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі тетігі екені белгілі. Қазіргі жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында мемлекеттің өз валютасына қатысты ұстанымын ең жоғары құқықтық деңгейде нақты әрі айқын бекіту қажет.Теңгенің мәртебесін Ата заңда көрсету қоғамдағы түрлі алыпқашпа пікірлердің алдын алады. Сонымен қатар, бұл қадам ұлттық валютаға деген сенімді арттырып, экономикалық тәуелсіздіктің берік құқықтық негізін қалыптастырады деп сенемін. Бұл бастама еліміздің мемлекет ретіндегі ұстанымын күшейтетін, ел болашағы үшін стратегиялық маңызы бар ұсыныс деп есептеймін», - деді Дастан Қанатқанов.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғанын жаздық.