Былтыр Астанада 17 мың адамға жұмыспен қамту бойынша қолдау көрсетілді
Халықты жұмыспен қамту және жұмыс іздеп жүрген азаматтарды қолдау елорданың әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, азаматтардың кәсіби біліктілігін арттыруға және еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған кешенді әрі нәтижелі шаралар іске асырылды. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Олжас Омар мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша елордадағы жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ды құрап, республикалық көрсеткіштен 0,3 пайызға төмен болды. Бүгінгі таңда жұмыссыз ретінде 15 068 адам тіркелген, оның ішінде 5 292-сі – жастар. Сонымен қатар 11 мыңнан астам азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер алуда.
«Жыл қорытындысы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 17 146 адам қамтылды. Бұл қатарға тұрақты және әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, оқыту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шаралары кіреді.
2025 жылы қалада 84 044 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 76 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары. Бұл еңбек нарығының тұрақтылығын көрсетеді. Enbek.kz порталында 500-ге жуық жұмыс берушіден 4 мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелген.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Өтініш білдірген 2 091 адамның 810-ы жұмыспен қамтылды», - деді «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының тұрақты төмендеуі де халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысының артқанын көрсетеді. 2025 жылы АӘК 1 729 отбасыға тағайындалды, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 3 743 отбасын құраған.
Олжас Омардың айтуынша, 2026 жылы жұмыспен қамту шараларымен шамамен 18 мың адамды қамту көзделген. Оның ішінде 8 мың азаматты тұрақты жұмыс орындарына орналастыру жоспарланып отыр. Уақытша жұмыспен қамту және еңбек дағдыларын қалыптастыру мақсатында 1 мың адам қоғамдық жұмыстарға, 910 адам жастар практикасына қатысады.
Әлеуметтік жұмыс орындары мен «Күміс жас» жобасы жалғасып, 750 адамды қамту көзделіп отыр. Жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес кадр даярлау үшін 245 адам қысқамерзімді оқыту курстарынан және жұмыс орнында оқытудан өтеді
Кәсіпкерлік белсенділікті қолдау «Бастау Бизнес» жобасы аясында жүзеге асырылады. Аталған жоба бойынша 3 мың адамды оқыту және гранттар беру жоспарланған.
Сонымен қатар Skills.enbek.kz порталында онлайн оқыту және 4,3 мың азаматқа әлеуметтік-кәсіби бағдар беру көзделген. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жұмыс орындарын құру мәселесіне ерекше назар аударылады.
Бұған дейін Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай елордадағы Еңбек мобильділігі орталығы ұжымымен кездескенін жаздық.