Биыл елордадағы кәсіби бағдарлау экскурсияларына қанша оқушы мен студент қатысты

26 желтоқсан, 2025
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Биыл елордадағы кәсіби бағдарлау экскурсияларына қанша оқушы мен студент қатысты
Фото: Астана әкімдігі

Астанада еңбек мамандықтары жылы аясында өткізілген кәсіби бағдарлау экскурсиялары сәтті аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Биыл жыл көлемінде 300-ден аса экскурсия өткізіліп, оған 14 мыңнан аса оқушы мен колледждердің 1 курс студенттері қатысты.

Тәлімгерлер қаланың 40-тан аса кәсіпорнына барып, сан түрлі мамандық пен қызметтер жайлы мәліметтер алды.

Елордада аталған жыл еңбек мамандықтарын жастарға таныстыруға, насихаттауға, олардың дұрыс таңдау жасауына мол септігін тигізді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер туризмінің дамуына ықпал етті.

Жобаның аяқталуына орай, экскурсиялар ұйымдастыруға белсене қатысқан кәсіпорын мамандарына алғыс хаттар табысталды.

Ал жыл көлемінде өткізілген іс-шаралар білім беру ұйымдары мен кәсіпорындардың кадр дайындауға деген қызығушылығын оятып, тиімділігін көрсетті.

Бұған дейін Астанада ҚХА құрылымының 30 жылдығы аясында жылдың қорытындысы шығарылғанын жаздық.