Биыл 8,9 мың шақырым республикалық жолдар жөнделеді

Бүгін, 13:13
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Биыл 8,9 мың шақырым республикалық жолдар жөнделеді
Фото: freepik.com

Жоспарланған жұмыстарды орындауға 12 мың арнайы техника, 25 мыңнан астам маман және 193 асфальтбетон зауыты жұмылдырылады. Жобаларды жүзеге асыру барысында 10 млн текше метр қиыршық тас пен 1,3 млн тонна отандық битум қолданылмақ, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев ОКҚ брифингінде хабарлады. Оның айтуынша, халықаралық және республикалық маңыздағы автожолдардың желісін жаңғырту аясында 3 400 шақырымда құрылыс және қайта жаңарту жұмысы басталды.

«Биыл ұзындығы 2 153 шақырым ауқымды 7 жаңа жоба бар. Олар: Орталық-Батыс, Қарағанды-Жезқазған, Атырау-Доссор, Қызылорда-Сексеуіл, сондай-ақ Сарыағаш, Қызылорда және Петропавл қалаларының айналма жолдары. Атап өту керек, осы аталған барлық жоба құрылысында отандық тауар өндірушілердің материалын пайдалану және жергілікті мамандарды тарту көзделген. Сонымен қатар жылдың соңына дейін Ұлытау облысында 208 шақырым болатын Қызылорда-Жезқазған автожолының негізгі құрылыс жұмысын аяқтап, екі облыс арасындағы қозғалысты толықтай ашуды жоспарлап отырмыз», - деді спикер.

Еске салайық, бұған дейін елімізде жол-құрылыс маусымы басталғаны туралы жаздық.