Биыл елімізде 377 шақырым жылу желісі жаңартылады
Бүгін баспасөз конференциясында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов энергетика секторын жаңғырту шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, былтыр электр станцияларында 10 энергоблокқа, 63 қазандыққа және 39 турбинаға жөндеу жүргізілді. Электр желісі бойынша 17 мың шақырым желі мен 420 қосалқы станция жөнделді. Жылу желісінде 323 шақырым құбыр ауыстырылды.
Электр энергиясын өндіруде ең жоғары көрсеткіш – 17 273 МВт-қа қол жеткізілді, бұл өткен жылыту маусымымен салыстырғанда 7%-ға жоғары. ЖЭО-лардың тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді.
Биыл жөндеу науқаны аясында электр станцияларында 9 энергоблокқа, 55 қазандыққа және 51 турбинаға жөндеу жүргізу жоспарланған. Электр желісінде 17,1 мың шақырым желі мен 444 қосалқы станцияны жөндеу көзделген. 377 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Аталған шаралар ЖЭО-лардың тозу деңгейін 61%-дан 59%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектенов Астананың энергетикалық инфрақұрылымын тексерді.