Биыл Астанада Урбанистика саласында қандай өзгерістер болды

Бүгін, 17:05
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Биыл Астанада Урбанистика саласында қандай өзгерістер болды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Биыл жаңа қоғамдық кеңістіктер мен ұсақ детальдарға көбірек көңіл бөлінді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің Урбанистика орталығына сілтеме жасап.

«2025 жыл алға жылжу жылы болды. Жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылып, ұсақ, бірақ маңызды детальдарға мән беріліп, батыл шешімдер қабылданды. 2026 жыл соның логикалық жалғасы болып көрінеді: одан да жүйелі қалалық жобалар пайда болып, өмір сапасын арттырады деп сенуге толық негіз бар. Бұл жыл пісіп-жетілген идеяларды іске асырудың және жаңа, одан да амбициялы бастамалардың дүниеге келуінің жылы болсын», - деп жазылған Урбанистика орталығының жарияланымында.

Фото: Instagram/cernterofurbanism

Биыл Астанада 170 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды, 1,1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды, оның ішінде 65 мың ірі көлемді ағаш бар.

Негізгі жобалардың қатарында Ататүрік саябағының жағалауы мен Триатлон саябағы, Greenline бульвары, «Бейбітшілік және Келісім» саябағы және жаңартылған Сығанақ көшесі бар.

Елордалық урбанистика ТОП-қатарда деп санайды мекеме қызметкерлері.

Лондондық архитектуралық бюромен бірлесіп әзірленген ландшафттық мастер-жоспарлар халықаралық деңгейде мойындалды: Астана жобасы SHARE Architecture Awards байқауында Honorable Mention жүлдесін иеленіп, Pineapple Awards-та 160 қатысушының арасынан 4-орынға ие болды.

Фото: Instagram/centerofurbanism

Астанада жаяу жүргіншілерге арналған Greenline бульварының алғашқы кезеңі іске асырылды. Жоба кешенді көгалдандыруды, тоғандар жүйесін, ойын және спорт аймақтарын қамтиды.

Абаттандыру жұмыстары келесі жылы жалғасып, бульвар Төле би мен Айтматов көшелерін байланыстырады.

Есіл өзені бойындағы бірыңғай жаяу жүргіншілер маршрутын құру жұмыстары жалғасуда: Ататүрік және Триатлон саябақтарының жағалаулары абаттандырылды, ағаштар отырғызылды. Ақбұлақ арнасы арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталды.

LRT бағыты бойындағы Сығанақ пен Қалдаяқов көшелері толықтай жаңғыртылды. Жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін жайлы әрі кедергісіз орта жасалды, эстакада астына жасыл желек отырғызылды, көше шамдарының бірыңғай стилі енгізілді. Бұл көшелердегі LRT аясындағы локациялар фотосессиялар үшін өте танымал орындарға айналды.

Астанада Урбанистика мектебі іске қосылды: алғашқы кезең халықаралық сарапшы Андрей Елбаевтың қатысуымен өтіп, заманауи тәсілдер мен қалаларды дамыту тақырыбына арналды, нақты кейс негізінде практикалық жұмыстар жүргізілді.

Біздің мамандар Қытай, Германия, Англия және АҚШ қалаларын дамытудағы үздік тәжірибелерді – қоғамдық кеңістіктерді жоспарлаудан бастап, заманауи көлік және жасыл шешімдерге дейін – зерделеді.

Ең заманауи әрі өзекті урбанистикалық трендтерді біз Астананың контекстіне бейімдеп, жергілікті жағдайлар мен бірегейлікті ескере отырып, әлемдік деңгейдегі қалалық ортаны қалыптастырамыз.

Астанаға Швециядан Mandaworks скандинавиялық сәулет бюросы шақырылды. Қала қоғамдық кеңістіктерді дамытудағы швед тәжірибесін зерделеуде.

Mandaworks командасы сондай-ақ климаты суық, қысы қарлы Канададағы Торонто мен Монреаль қалаларындағы жобалармен жұмыс істеген. Қысқы кеңістіктермен жұмыс істей алатын мамандармен ынтымақтастықты дамытамыз.

Астанада Қазақстанның барлық өңірлерінен келген өкілдер мен ҚР индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың қатысуымен урбанистика бойынша республикалық семинар-кеңес өтті. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың кешенді даму тәжірибесін таныстырды. Мұнда халықаралық сарапшылардың заманауи тәсілдері де айтылды.

Green ID ағаштарды паспорттау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. 1000-нан астам ағаш цифрландырылды. Аумақтарда жаңадан отырғызылған әрбір ағашқа оның тарихы тіркелетін QR-коды беріледі, сондай-ақ ағаштарға дер кезінде күтім жасау және мониторинг жүргізу үшін ылғалдылық хабаршылары орнатылады.

Фото: Instagram/centerofurbanism

Астананың өзіндік стилі қалыптасып келеді. Қаланың брендбугы кезең-кезеңімен енгізілуде. Қала дамуы ұсақ-түйекке дейін мән беруге негізделген. Жасырын әрі брендтелген люктер, аялдамалардың және шағын сәулет нысандарының бірыңғай стилі, ғимараттар мен көшелерді жылы жарықпен жарықтандыру тұжырымдамасы қолданылуда.

Қалада стратегиялық құжаттар әзірленуде: оның ішінде абаттандыру жарғысы, брендбук, фасадтарды жаңарту бағдарламалары, «Жайлы аулалар» және қалалық ортаны дамытуға біртұтас тәсіл қалыптастыратын басқа да құралдар бар.

Қалада фасадтарды реконструкциялау жұмыстары басталды. Бірінші жоба ретінде «Нұрсая» тұрғын үй кешеніндегі фасадтарды жаңарту жүзеге асырылды. Бұл жұмыс келесі жылы қаланың тарихи бөлігінде жалғасады, онда көптеген фасадтар жаңартуды қажет етеді. Жұмыстар «фасадтан фасадқа дейін» қағидаты бойынша жүргізіледі, яғни көшедегі бөліктер – абаттандыру, жасыл желектерден бастап, кіші архитектуралық формаларға дейін – ретке келтіріледі.

Астанада әр жыл сайын маңызды мерекелерге және арнайы күндерге арналған көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді кешенді безендіру жұмыстары жүргізіледі. Жарық инсталляциялары, тақырыптық өнер нысандары және мерекелік жарықтандыру орнатылады, бұл қалаға біртұтас визуалды стиль береді және тұрғындар мен қала қонақтары үшін ерекше атмосфера сыйлайды.