Биыл ақылы жолдар қатарына жаңа 6 учаске енгізіледі

Биыл ақылы жолдар қатарына жаңа 6 учаске енгізіледі
Фото: ҚазАвтоЖол

Үкімет отырысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев ақылы автомобиль жолдарының инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқарма төрағасының айтуынша, қазіргі таңда ел аумағында жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырым 26 ақылы жол учаскесі бар. Биыл қосымша жаңа 6 ақылы учаскені енгізу жоспарланып отыр:

«Қарағанды–Балқаш–Бурылбайтал» (554,6 шақырым), «Бурылбайтал–Күрті» (226,4 шақырым), «Ақтөбе–Қандыағаш–Мақат» (89 шақырым), «Талдықорған–Өскемен» (773 шақырым), «Атырау–Астрахань» (277 шақырым), «Меркі–Шу–Бұрылбайтал» (78 шақырым).

Сондай-ақ, ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Қазіргі таңда 14 учаскеде (477 шақырым) жалпы көлемі  1,1 млн шаршы метр ақау тіркелді. Жөндеу жұмысы биылғы жол-құрылыс маусымында қолға алынады.

Азаматтардың өтініші бойынша төлем мерзімі 7 күннен 30 күнге дейін ұзартылмақ. Қазіргі таңда бұл өзгерістерді мемлекеттік органдар өзара келісіп жатыр.

Дархан Иманашевтың мәлімдеуінше, былтыр елімізде ақылы жолдардан 87 млрд теңге кіріс түскен. Бұл қаражат толықтай жолдарды күтіп-ұстауға бағытталған.

Еске салсақ, бұған дейін елімізде 14 ақылы жолдың учаскесінде төлемақы аз төленетінін хабарладық.