Референдум-2026

Бірінші жартыжылдықта Қазақстан – Қытай жүк тасымалы 9 пайызға артты

Бірінші жартыжылдықта Қазақстан – Қытай жүк тасымалы 9 пайызға артты
Фото: Көлік министрлігі

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалының көлемі 18,7 млн тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға көп, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, есепті кезеңде Қытайдан Қазақстанға 7 млн тонна жүк жеткізіліп, өткен жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда 9%-ға артқан. Ал Қазақстаннан Қытайға 11,7 млн тонна жүк жөнелтіліп, өсім 10%-ды құрады.

Қытайға экспортталған жүктердің көлемі 8,5 млн тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 20%-ға ұлғайған. Экспорттық жүктер қатарында кен, құрама жем, қара және түсті металдар, астық, мұнай және мұнай өнімдері, сондай-ақ өзге де тауарлар бар.

Көлік министрлігі жүк тасымалы көлемінің артуын Қазақстан мен Қытай теміржол әкімшіліктері арасындағы тиімді ынтымақтастықпен байланыстырады. Тараптар шекаралық инфрақұрылымды жаңғыртуға, өткізу қабілетін арттыруға және жүк ағындарын көбейтуге бағытталған жұмыстарды жалғастырып келеді.

Жүк айналымының өсуіне Достық шекаралық өткелі айтарлықтай үлес қосты. Жыл басынан бері бұл өткел арқылы 10,6 млн тонна жүк тасымалданып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға артқан. Сондай-ақ Достық станциясы арқылы экспортталған жүк көлемі 5,4 млн тоннаны құрап, 15%-дық өсім көрсетті.

Алтынкөл шекаралық өткелінде де оң көрсеткіш сақталған. Бірінші жартыжылдықта мұнда 8,1 млн тонна жүк тасымалданып, өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға көбейген. Ал станция арқылы экспортталған жүк көлемі 3,1 млн тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 29%-ға өсті.

Министрліктің мәліметінше, Достық пен Алтынкөл станциялары Қазақстан мен Қытай арасындағы ғана емес, Азия мен Еуропаны жалғайтын халықаралық көлік дәліздерінің маңызды буындары саналады. Заманауи инфрақұрылым мен жоғары өткізу қабілеті халықаралық жүк тасымалының тұрақты өсіміне мүмкіндік беріп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға жұмыс сапарымен барды. Бүгін екі ел басшылары келіссөз жүргізеді.