Астаналықтар Азия чемпионатының жеңімпаздарын салтанатты түрде қарсы алды
Бүгін елордадағы халықаралық әуежайда Бішкек қаласында тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында өткен парашахматтан Азия чемпионатының жүлдегерлерін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жеңімпаз елордалық спортшыларды әуежайдан қалалық «Елорда» спорт клубы басшысы Азамат Тағаев, клуб ұжымы, достары мен туыстары ыстық ықыласпен қарсы алды.

Айта кетейік, Бішкекте өткен дүбірлі додаға бірнеше елден 30-ға жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Аталған Азия чемпионатында астаналық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан намысын абыроймен қорғады. Бақытжан Майкенов классика, рапид және блиц түрлерінен топ жарып, үш дүркін Азия чемпионы атанды. Ал Айғаным Қамбарова рапид пен блицтен күміс жүлдеге ие болып, классикада қола медаль жеңіп алды.

Спортшылардың жаттықтырушысы Зинятқыз Нүсіпбаева жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, бұл додада Қазақстан құрамасының ең үздік команда атанғанын мақтанышпен жеткізді.
Сонымен қатар ол шәкірттерінің жоғары нәтижелеріне ерекше тоқталды.