Астаналық мұғалім Әбу-Дабиде дзюдодан чемпион атанды
Астана қаласының №106 жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Нұрсұлтан Болат Әбу-Даби қаласында өткен дзюдодан халықаралық чемпионатта топ жарып, алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
United Arab Emirates аумағында ұйымдастырылған байрақты бәсекеге елу мемлекеттің спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
66 келі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан Нұрсұлтан Бауыржанұлы қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды.
Халықаралық додада Қазақстан намысын қорғаған елордалық педагог көк туымызды желбіретіп, ел абыройын асқақтатты.
«Бұл жеңіс – спорттағы жетістік қана емес, ұстаз мәртебесінің биіктігін, педагогтардың жан-жақты дамыған тұлға екенін дәлелдейтін жарқын мысал.
Спорт пен білімді қатар алып жүрген ұстаздың жетістігі шәкірттеріне үлкен мотивация беріп, салауатты өмір салтын насихаттаудың нақты үлгісіне айналды», – делінген хабарламада.
Бұған дейін астаналық ұстаз Гүлжазира Бекболатқызының Еуропада тұратын қазақтарға ана тілін тегін үйретіп жүргенін жаздық.