Астаналық балабақшада ерекше балаларға арналған жаңажылдық ертеңгілік өтті

Бүгін, 13:20
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астаналық балабақшада ерекше балаларға арналған жаңажылдық ертеңгілік өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

 Елордада №96 «Аяла» арнайы балабақшасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңажылдық ертеңгілік өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мерекелік іс-шараны Астанадағы Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық жоғары колледжі ұйымдастырды. Мұнда ертегі кейіпкерлері, Аяз ата мен Ақшақар тәрбиеленушілерге театрландырылған қойылым қойды. Олар балаларды шаттыққа бөлеп, түрлі ойындар ойнатты. Балалар ән айтып, би билеп, мерекелік көңіл күйге бөленді. Сондай-ақ мұнда бүлдіршіндерге тәтті сыйлықтар таратылып, әдемі әсер сыйлады.

«Бұл балабақшамен біз үш жылдан астам уақыт бойы серіктеспіз. Біздің студенттер осы мекемеде тәжірибеден өтеді. Серіктестікті нығайту мақсатында жыл сайын түрлі іс-шарадар ұйымдастырылады. Колледжде педагог мамандарды, соның ішінде балабақша тәрбиешілерін, дефектолог, информатика және дене шынықтыру мұғалімдерін даярлаймыз. Студенттер тәжірибе жинақтап, кейін жұмысқа орналасып жатады. Практика 2-курстан басталады. Биыл осы балабақшада 40-тан астам студент тәжірибеден өтті», - деді Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Сыздықова.

Ерекше балаларға арналған балабақша 2021 жылы Астанада қала күніне орай ашылған. Мұнда үш бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Олар: көру қабілеті төмен балаларға арналған 2 топ, тіл бұзылыстары бар балаларға арналған 3 топ және психикалық дамуы тежелген балаларға арналған 1 топ бар.

«Балалармен дефектолог, логопед секілді арнайы педагог мамандар жеке және топтық түзету-дамыту жұмыстарын жүргізеді. Көру қабілеті төмен балаларға арналған топтарда медициналық құрылығылармен жабдықталған арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Тіл бұзылыстары бар балалар үшін саусақ моторикасын дамытуға арналған интерактивті құм қолданылады. Балабақшада барлығы 52 қызметкер еңбек етеді. Қазіргі таңда мекеме 3-6 жас аралығындағы 76 баланы қамтып отыр. Жалпы балабақша 90 балаға шақталған. Бүгінгі мерекелік іс-шара балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Осындай игі іс-шараны өткізген ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін», - деді балабақша меңгерушісі Гүлдархан Баймұсаева.