Астаналық оқушылар «Tarlan Astana» көлігінде «Көк тудың желбірегені» әнін орындады

Астаналық оқушылар «Tarlan Astana» көлігінде «Көк тудың желбірегені» әнін орындады
Фото: Астана әкімдігі

Республика күні қарсаңында Астанадағы №104 жалпы орта мектептің оқушылары «Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлігінде «Көк тудың желбірегені» патриоттық әнін орындады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ұйымдастырушыларға сілтеме жасап.

Мерекеге орай ұйымдастырылған бастама жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға, ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталған.

Мектеп директоры Нұртас Құрманғалиұлының айтуынша, бастаманың басты мақсаты – оқушыларға Республика күнінің мәнін түсіндіріп, олардың туған еліне деген мақтаныш сезімін нығайту.

«Республика күні – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін айшықтайтын маңызды мереке. Біз оқушыларға «Көк тудың желбірегені» әнін орындату арқылы олардың тәуелсіз елдің ұрпағы екенін сезініп, туған жерге деген мақтаныш сезімін арттыруды мақсат еттік. Өйткені өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуге және елдік құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз», – деді мектеп директоры.

Бұған дейін астаналық жас өнерпаздардың Республика күніне арнап бейнежоба әзірлегені хабарланған еді.