Астанадағы «Сарайшық» ауданында Амал мерекесіне арналған іс-шара өтті
Астана қаласының «Сарайшық» ауданында Көрісу күні – Амал мерекесіне орай «Амал – ырыс пен береке бастауы» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Шараға аудан тұрғындары мен қала қонақтары қатысып, ұлттық дәстүрлер дәріптелді. Мерекелік іс-шара барысында қазақ халқының ежелден келе жатқан көрісу дәстүрі насихатталды. Ақсақалдар мен әжелер жиналған жұртшылыққа ақ тілектерін айтып, ізгі баталарын берді.

Отасқандарына елу жылға жуықтаған Рәтхан Әліпбаев атамыз мұндай іс-шаралар ұлттық құндылықтарды нығайтатынын айтты.
«Бүгін бәріміз үшін ерекше күн. Көктемнің шуақты мерекесі – Амал келіп, бір-бірімізбен көрісіп, ақ тілектерімізді айтып жатқан жайымыз бар.
Осындай берекелі күнде бас қосып, ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып жатқанымыз – үлкен қуаныш.
Көрісу – қазақ халқының татулығы мен сыйластығын білдіретін ерекше дәстүр.
Біз, үлкендер, осындай игі дәстүрлердің ұмытылмай, кейінгі ұрпаққа жеткенін қалаймыз.
Бүгінгі мерекеге жиналған жастарымыз салт-дәстүрді құрметтеп, елін, жерін сүйетін азамат болып өссін деп тілейміз», - дейді елордалық зейнеткер.

Бағдарлама аясында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Тұмар» фольклорлық ансамблінің өнерлі ата-әжелері дәстүрлі және халық әндерін нақышына келтіре орындап, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


«Баршаңызды көктемнің жарқын мерекесі – Амал күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Бұл күн – халқымыздың бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасып, өткенге шүкір айтып, болашаққа ақ тілектер арнайтын ерекше дәстүрлі мерекесі.
Осындай игі бастаманың ауданымызда ұйымдастырылуы тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Бұл мереке тек көңіл көтеру ғана емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, ұрпаққа өнеге болатын маңызды шара деп ойлаймын.
Бүгінгі іс-шарада үлкендердің батасын алып, ұлттық өнерді тамашалап, қолөнер шеберлерінің еңбектерін көріп, ерекше әсер алдық», - дейді қала тұрғыны Жанар Уашева.
Сонымен қатар ұлттық мәдениетті дәріптеу мақсатында қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, қонақтарға қазақтың дәстүрлі қолөнерінің үздік үлгілері ұсынылды.

