Астанада заңсыз топырақ өндірудің сегіз фактісі анықталды
Астанада заңсыз топырақ өндіру фактілерін анықтау және олардың жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Мұндай құқық бұзушылықтар қоршаған ортаға елеулі зиян келтіріп, табиғи ландшафттың өзгеруіне және қаланың экологиялық ахуалына қауіп төндіреді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жер учаскелерін өз бетінше игеру нәтижесінде терең шұңқырлар пайда болады. Кейін оларда су жиналып, жер бедерінің өзгеруіне, жердің табиғи жағдайының бұзылуына және экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеледі.
Мәселен, «Сарыарқа» ауданындағы учаскелердің бірінде полиция қызметкерлері топырақты заңсыз өндірудің сегіз фактісін анықтады. Құқық бұзушыларға жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактісі бойынша тиісті шаралар қабылданды. Құқық бұзушылық жасау кезінде пайдаланылған көлік құралдары коммуналдық тұраққа қойылды.
Осындай заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында полиция қызметкерлері ұшқышсыз ұшу аппараттарын, Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының мүмкіндіктерін пайдаланып мониторинг жүргізеді, сондай-ақ топырақты заңсыз өндіруге бейім аумақтарды тұрақты түрде тексереді.
Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жұмыстары тұрақты негізде жалғасуда. Астана полициясы азаматтар мен ұйымдарды жер қойнауын пайдалану саласындағы заң талаптарын, абаттандыру ережелерін сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Топырақты заңсыз өндірудің әрбір фактісі бойынша шаралар қабылданып, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа тартылады.
Еске сала кетейік, Астанада саябақтар мен гүлзарларда ауқымды рейдтер басталды.