Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында AMANAT партиясының қолдауымен, «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан XVIII «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығын табыстау салтанаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Салтанатты іс-шараға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, министрлер, көрнекті тұлғалар, қоғам қайраткерлері қатысты.

«Жан шуақ» алдағы уақытта да жалғасатын болады. 18 жыл ішінде мыңдаған қатысушы өмір дерегімен бөлісіпті. Сыйлыққа ие болған 128 жүлдегер мыңдаған тұрғынның жүрегіне үміт отын жақты. Жыл сайын жаңа есімдер, жаңа қаһармандар пайда болуда. Қазіргі таңда «Жан шуақ» байқауы елімізде ғана шектелмей, шетелдерде де таралып жатыр. Өйткені ізгілікте шекара болмайды. Келесі жылдан бастап «Жан шуаққа» халықаралық мәртебе беріледі. Бұл – ұзақ жылғы еңбектің жемісі. Қазір біз қоғамның түрлі саласында жетістікке жеткен қайсар жандарға сыйлық табыстау рәсіміне куә болғалы отырмыз. Осынау рухы биік жандар қаншама азаматтың көкірегіне сенім мен үміт ұялатып, өмірге құлшынысын арттыруға септігін тигізуде. Сонымен бірге ерекше қажеттілігі бар адамдардың мәселелері де қоғамның назарын аударуға ықпал етуде. Бұл – «Жан шуақ» жүлдесінің көпшіліктен қолдау тапқан маңызды да қажетті байқау екенінің айқын дәлелі», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Жүлдегерлерге сыйлықтарды Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай сияқты және басқа да тұлғалар табыс етті.

«Рухының биіктігі мен жеңіске деген талпынысы үшін» номинациясы бойынша Меруерт Жакупова марапатталды.

«Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» номинациясы сыйлығына Хамит Исмұратов ие болды.

«Игілік жолындағы ерен еңбегі үшін» номинациясымен Нұрбек Тұрғанов марапатталды.

«Ғылым, білім беру қызметінің дамуына үлес қосканы үшін, білім алуға талпынысы үшін» номинациясының жүлдесі Юлия Шаршоваға бұйырды.

«Спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін» номинациясының сыйлығы Никита Ермаковқа табыс етілді.

Кұрбанали Абуов «Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» номинациясының жүлдегері атанды.

Кенжегүл Кикенова «Өнер саласындағы үздік жетістіктері үшін» номинациясының жүлдесіне ие болды.

Иран Омарбеков атындағы қоғамдық қорының арнайы номинациясы бойынша Әли Тұрғанбеков марапатталды.

Жүлдегерлерге естелік сыйлық пен 1 млн теңгенің сертификаты табыс етілді.

Іс-шара Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының концертіне ұласты. Концертте «Жошы», ABYROI топтары мен Қайрат Баекенов, Мәди Рымбаев, Ибрагим Ескендір сынды әншілер өнер көрсетті.

Салтанатты іс-шара барысында қол өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кетейік, «Жан шуақ» – Қазақстандағы жаңа қоғамның шексіз мүмкіндіктер қоғамының белгісі болып саналатын жалғыз сыйлық. Қоғамдық қызметтің барлық саласында белсенділік танытқан мүгедектігі бар адамдар осы сыйлыққа үміткер ретінде қатыса алады. 17 жыл ішінде 100-ден аса адам, соның ішінде АҚШ, Германия, Ресей, Болгария, Польша және Жапониядан келген мүгедектігі бар адамдар марапатталған.
«Жан шуақ» сыйлығын «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» РҚБ негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті Иран Омарбеков тағайындаған.