Астанада ұлттық киім мен этникалық дизайнға арналған халықаралық фестиваль өтті

Астанада ұлттық киім мен этникалық дизайнға арналған халықаралық фестиваль өтті
Фото: мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Дәстүр және қазіргі әлем» атты халықаралық фестивальдің ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді,  деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Дәстүрлі және заманауи өнердің үйлесімін танытқан іс-шарада қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық киім мен этникалық дизайн әлемінің бай әрі бірегей мұрасымен танысты. Фестивальдің басты ерекшелігі – дизайнерлер, халық өнерінің шеберлері, этнографтар және дәстүрге қызығушылық білдіретін жас өнерпаздардың бір алаңда бас қосуы.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мәдени мұраны сақтау және дәстүрлерді заманауи өнер аясында жаңа қырынан таныту. Ұлттық және тарихи костюмдерді насихаттаумен қатар, фестиваль салт-дәстүр мен құндылықтарды заманауи форма мен бейнелер арқылы көрсетуге мүмкіндік ашты.

Фестивальге түрлі мәдениет өкілдерінің қатысуы ұлттық киімдердің тарихы мен мазмұнын кеңінен талқылауға жағдай жасады. Дизайнерлер мен шеберлер дәстүрлі элементтерді шығармашылық тұрғыдан жаңаша интерпретациялап, тың образдар жасай алды.

Бағдарлама вернисаждан және дәстүрлі өнер мен этнодизайнға арналған шеберлік сабақтарынан басталып, салтанатты ашылу рәсімі мен ұлттық және заманауи жастар киімдерінің дефиле көрсетілімімен жалғасты.

Фестиваль соңында қатысушыларға дипломдар табысталды.