Астанада танымал спортшы қыздар «Таза Қазақстан» акциясына қатысты
Жуырда Франциядағы халықаралық жарыстан оралған елордалық жас гимнаст қыздар ауқымды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып, «Өзіңнен баста!» челленджіне қосылды. Спортшылар «Нұра» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің маңындағы аумақты қоқыстан тазартты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бастама танымал әрі болашағынан үміт күттіретін гимнаст қыздардың басын қосты. Олардың қатарында Қазақстан тарихындағы жасөспірімдер арасындағы алғашқы әлем чемпионы, елдің абсолютті чемпионы, сондай-ақ әлемдік және Азия біріншіліктерінің бірнеше дүркін жүлдегері Ақмарал Ерекешева бар. Онымен бірге спорт шеберлігіне кандидат, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Айғаным Рысбек, спорт шеберлігіне кандидат, республикалық жарыстардың жүлдегері Анель Дінішева және «Фурор» командасының мүшелері де қатысты. Қыздар үшін халықаралық аренада ел намысын қорғаумен қатар, туған қаласының дамуына үлес қосу да маңызды.

Акцияға қатысушы Ақмарал Ерекешева мұндай бастамалардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Мұндай акциялар табиғатты сақтау және сүйікті қаламыздың экологиясын жақсарту үшін өткізіледі. Астанада серуендегенде таза әрі көрікті көшелерді, саябақтар мен гүлзарларды көргіміз келеді. Бүгін біз жиі келетін дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағын тазалау үшін бас қостық. Мұнда әрдайым таза болғанын қалаймыз. Бізге қарап басқа да жас спортшылар қосылады деп ойлаймын», – деді ол.
Айта кетейік, Ақмарал жуырда Францияда өткен Гран-при халықаралық турнирінен төрт медальмен – екі күміс және екі қола жүлдемен оралған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастырып, әрбір адамның қала тазалығына қосатын жеке үлесінің маңызын көрсетеді. Ал спортшылар үшін сенбілікке қатысу тек жаттығудан тыс бас қосу мүмкіндігі ғана емес, қатарластарына үлгі болудың да бір жолы.
Осылайша, халықаралық жарыстардан оралу гимнаст қыздар үшін тек мақтаныш емес, сонымен қатар туған қаласына қамқорлық жасаудың жаңа бастамасына айналды.
Еске салсақ, елорда жастары арасында тазалық тренді қарқын алып келеді.