Астанада жаңа оқу жылында 12 мектеп пайдалануға беріледі

Астанада жаңа оқу жылында 12 мектеп пайдалануға беріледі
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Жаңа оқу жылы ішінде тағы 12 оқу орны ашылады. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек желідегі парақшасында осылай жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қала әкімінің айтуынша, мектеп салу және балалар үшін жайлы білім беру ортасын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр.

«Бірқатар мектеп пен оқушылар сарайының құрылыс барысымен таныстым. Жаңа оқу жылы ішінде тағы 12 оқу орнын ашамыз. Мәселен, соңғы жылдары 44 мектеп салдық. Осы шаралар қолданыстағы мектептерге түсетін салмақты едәуір азайтып, қосымша оқушы орындарын ашуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік инфрақұрылымға қажеттілік жоғары аудандарға айрықша назар аударып отырмыз», деп жазды әкім.

Жеңіс Қасымбек 2027 жылға арналған дайындық жұмысы жүріп жатқанын атап өтті. Жобалық және қала құрылысына қатысты құжаттамалар әзірлеу ісі қолға алынған. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін қалада 140-қа жуық жаңа мектеп салу көзделіп отыр.

«Сондай-ақ биыл тағы екі Оқушылар сарайы мен алты балабақша ашу жоспарланып отыр. Оқу және білім беру орталықтарының құрылысына жеке инвестициялар да жұмылдырды», - деді қала әкімі.

Еске салсақ, Астанада бірінші сыныпқа құжат қабылдау 27 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады.