Астанада «Суды үнемде – болашақты сақта» бірыңғай экосағаты өтті
Бүгін Астанадағы №91 мектеп-гимназияда Қазақстанның балалары мен жастары арасында су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған пилоттық білім беру жобасы аясында «Суды үнемде – болашақты сақта» бірыңғай экосағаты өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz білім ордасына сілтеме жасап.
Жобаны Су ресурстары және ирригация министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, «Адал азамат» мемлекеттік тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырды.
Экосағат офлайн және онлайн форматтарда ұйымдастырылды. Шараға №91 мектеп-гимназиясының 9–11 сыныптарынан 250 оқушы қатысты. Онлайн режимде Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары мен Астана қаласының мектептері мен колледждері қосылып, экологиялық тақырыптағы ашық диалогқа белсенді атсалысты.

Іс-шараға қатысқан Мәжіліс депутаты Павел Казанцев және Су ресурстары және ирригация министрлігінің вице-министрі Талғат Момышев су ресурстарын тиімді басқарудың маңыздылығын атап өтіп, жастардың бастамаларын жоғары бағалады.
Эко-сағат аясында №91 мектеп-гимназиясының оқушылары инновациялық жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, «Су ізі» жобасы ерекше қызығушылық тудырды. Айта кетерлігі, қазір елімізде су ізін (water footprint) есептеудің ресми бекітілген ұлттық әдістемесі жоқ. Осыған байланысты №91 мектеп-гимназиясы халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, мектепте жүргізген зерттеу негізінде авторлық су іздерін есептеу моделін ұсынды. Бұл бастама алдағы уақытта су ізін есептеу бойынша ұлттық әдістемелік негіз қалыптастыруға практикалық үлес қосуы мүмкін.

Жоба барысында тамшының голографиялық кейіпкері қатысушыларды судың маңызымен таныстырып, мектеп пен елдегі орташа отбасының су тұтыну көрсеткішін визуалды түрде көрсетті. Сонымен қатар оқушылар «Qazaq Water VR» стартап жобасын ұсынып, Қазақстандағы су айдындарына виртуалды түрде ену мүмкіндігі бар платформа құру идеясы туралы айтып берді, сондай-ақ ойын опциясы да қарастырылғанын айтты.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Су терапиясы» жобасы да көпшіліктің назарын аударды. Бұл жоба судың және түстің эмоционалды күйге әсерін зерттеп, эмоционалды интеллектіні дамытуға бағытталған. Сондай-ақ Washington Academy-мен бірлесіп STEAM тәсілі аясында жүзеге асырылатын парфюм және сабын дайындау технологиялары таныстырылып, судың қасиеттерін тәжірибелік тұрғыда зерттеу мүмкіндігі көрсетілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – суды Қазақстанның стратегиялық ресурсы ретінде тану, оған саналы көзқарас қалыптастыру және оқушылардың экологиялық мәдениетін дамыту. Сонымен қатар білім беру ұйымының «Адал азамат» бағдарламасын инновациялық, тәжірибеге бағдарланған форматта іске асырудағы үлесі көрсетілді.

Бастама алдағы уақытта Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары мен Астана қаласының мектептері мен колледждерінде жалғасын табады. Сынып сағаттары, тақырыптық іс-шаралар, шағын зерттеулер мен зияткерлік ойындар арқылы әртүрлі жастағы білім алушылардың экологиялық жауапкершілігін арттыру жоспарланып отыр.
«Суды үнемде – болашақты сақта» пилоттық білім беру жобасы 2024 жылдан бастап халықаралық ұйымдар мен бизнес-серіктестердің қолдауымен Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы арқылы жүзеге асырылып келеді. Жоба елімізде тиімді су тұтыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
