Астанада студенттер арасында дәстүрлі әншілер байқауы басталды

Астанада студенттер арасында дәстүрлі әншілер байқауы басталды
Фото: Василий Крась

Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледжде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының ән мұрасын насихаттауға арналған колледж студенттері арасындағы дәстүрлі әншілер байқауы басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Байқауға колледждің 1-4-курс студенттері қатысып жатыр.

Байқау шарты бойынша әрбір әнші екі ән орындайды.

Қазылар алқасы өнерпаздарды вокалдық ерекшелігіне, дәстүрлі аспапты меңгеру деңгейіне, сахна мәдениетіне және киім үлгісіне қарай бағалайды.

«Бүгін колледж студенттері өз бақтарын сынап, өнерлерін ортаға салады. Бұл байқауды өткізудегі басты мақсатымыз – ұлы ойшылдарымыз Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының ән мұрасын кең көлемде насихаттау.

Сонымен қатар мұндай өнер сайыстары студенттердің шығармашылық әлеуетін шыңдап, кәсіби тұрғыда өсуіне үлкен мүмкіндік береді. Байқауға қатысу арқылы жастар өздерінің вокалдық шеберлігін жетілдіріп, сахна мәдениетін қалыптастырады. Қазақ өнерінің ертеңгі иесі – осы жастар. Сондықтан барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгер, әнші Медет Салықов.