Астанада ұялы байланыс станцияларының адам денсаулығына әсері талқыланды

Бүгін, 17:31
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада ұялы байланыс станцияларының адам денсаулығына әсері талқыланды
Фото: Астана қаласы әкімшілігі

Астанада «Радиотолқындардың адам ағзасына әсері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара ашық форматта ұйымдастырылып, оған мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық, халықаралық ұйымдар, байланыс операторлары, өңірлік құрылымдар өкілдері қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты азаматтарға радиотолқындар мен заманауи телекоммуникациялық технологиялардың адам денсаулығына ықпалы туралы ашық әрі түсінікті ақпарат беру, сондай-ақ бұл мәселені ғылыми деректерге, сараптамалық бағаларға және қолданыстағы санитарлық нормаларға сүйене отырып талқылау.

Бүгінгі таңда байланыс пен цифрлық технологиялар қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ұялы байланыс, интернет, 4G және 5G желілерінің дамуы өнеркәсіп, білім беру, қашықтан медициналық қызмет көрсету, «ақылды қала» жобалары сияқты көптеген салаларға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Сонымен қатар жаңа технологиялардың адам денсаулығына әсері жөніндегі сұрақтардың да жиі көтерілуіне себеп болуда.

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті өкілдері цифрлық трансформация және азаматтар мен бизнес үшін қашықтан көрсетілетін қызметтердің артуы телекоммуникациялық инфрақұрылымға қосымша жүктеме түсіретінін атап өтті.

«Базалық станция мен абоненттік құрылғы арасындағы қашықтық сәулелену деңгейіне тікелей әсер ететін фактор: смартфон базалық станциядан алыстаған сайын, өз қуатын арттыруға мәжбүр болады. Ал базалық станциялардың жиі орналасуы, керісінше, абоненттік құрылғылардың сәулелену деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді ҚР ЖИЦДМ Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.

Дөңгелек үстелде радиофобия мәселесі де көтерілді. Сарапшылар бұл құбылыс мобильді байланысты дамытуға кедергі келтіріп отырғанын атап өтті. GSM стандартындағы базалық станциялар тұрғын аймақтармен ұзақ жылдар бойы қатар орналасып келгеніне және денсаулыққа байланысты жаппай теріс әсерлер тіркелмегеніне қарамастан, кей өңірлерде радиофобия салдарынан базалық станцияларды алып тастау жағдайлары әлі де кездеседі. Мұндай шешімдер байланыс сапасының төмендеуіне алып келетіні айтылды.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары Қазақстанда электромагниттік сәулеленуге қатысты қатаң санитарлық нормалар қолданылатынын еске салды. Атап айтқанда, радиосигналдың рұқсат етілген шекті деңгейі 10 мкВт/см² болып белгіленген. Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, ғылыми және медициналық зерттеулерге кешенді метаанализ жүргізуді көздейтін жол картасын іске асыруда.

Халықаралық тәжірибе аясында электромагниттік өрістердің әсерін реттеу мәселелері Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) өкілдері тарапынан таныстырылды. Спикерлер Қазақстанда қолданылатын нормалардың халықаралық стандарттарға сай келетінін атап өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар қоғаммен ашық диалогты жалғастырудың, түсіндіру жұмыстарын күшейтудің және бұқаралық ақпарат құралдарының объективті әрі теңгерімді қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлінің маңыздылығын атап өтті.

Еске салайық, бұдан бұрын Қазақстанда Starlink Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясы сынақтан сәтті өткенін хабарладық.