Астанада қала әкімінің атынан шырша тойы өтті

Астанада қала әкімінің атынан шырша тойы өтті
Фото: Нұркен Мерғалиев

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Астана қаласы әкімінің шыршасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде ұйымдастырылған жаңажылдық мерекеге елордалық 400 бала қатысты.

«Бүгінгі әкім шыршасына ерекше балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары және озат  оқушылар шақырылды. Мерекелік іс-шараның басты бағыты «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Таза Қазақстан» экоакциясы, Жұмысшы мамандықтар жылы негізінде ұйымдастырылып отыр.  
Жаңажылдық шыршада, ең бастысы, іс-шараға келген әрбір баланың мерекелік көңіл күйді сезінуіне басым көңіл бөлінеді. Ұйымдастырушылар бүгін барлық бүлдіршіндердің армандарын орындау үшін барын салды», – деді Астана қаласы Білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Гүлфара Сарамбетова. 

Бүгінгі іс-шараны жүргізуші Тимур Омаров жаңажылдық бағдарламаның ерекшелігіне тоқталды. 

«Бүгінгі бағдарламада бүлдіршіндер үшін театр сахнасында бұрын-соңды болмаған интерактивті спектакль қойдық. Қазақ ертегілерінен белгілі 20 шақты кейіпкер, одан басқа көптеген әлемдік деңгейде танымал кейіпкерлер бар. Астана театрларының актерлері өнер көрсететін қойылымының маңыздылығы – ертегі кейіпкерлері арқылы жас ұрпаққа жақсы қасиеттерді үйрету, үлкендерді құрметтеу, досты сыйлау, қоршаған ортаны ластамау сияқты құндылықтарға тәрбиелеу. Сондай-ақ ХХІ ғасырдағы өзекті мәселе – алаяқтарға қалай ұрынбау керек екенін де қойылымның өн бойынан көруге болады», – деді мерекелік іс-шараның жүргізушісі Тимур Омаров.

Оның айтуынша, бағдарлама тұтастай әрбір баланың ерекшелігіне қарай, барлық қатысушы қабылдай алатындай форматта жасалған. Мәселен, LED-экран арқылы би, ойын түрлері ұйымдастырылып, оған барлық кішкентай қонақтар белсене атсалысты.   
Жаңажылдық шырша тойына келген қонақтар басты кейіпкер Азаматтың бастан кешкен оқиғалары туралы адами құндылықтарға толы ертегі қойылымын тамашалады. Ал мереке соңында барлық балаға қала әкімшілігі атынан жаңажылдық сыйлықтар үлестірілді.  


Айта кетейік, бұдан басқа елордалық мектептерде 50 жаңажылдық мереке ұйымдастырылып жатыр.