Астанада прокуратура этносаралық қатынастар саласындағы заңнаманың сақталуына қатысты кездесу өткізді
Астана қаласының прокуратурасы елордадағы ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоаға сілтеме жасап.
Күн сайын әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп, ұлттық араздықты тудыратын әрекеттердің алдын алу шаралары қабылдануда. Уәкілетті органдармен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Астана қаласы бойынша Жер ресурстарын басқару департаментінде этносаралық қатынастар саласындағы заңнаманың және бейбіт жиналыстар туралы заңнаманың сақталуы мәселелері бойынша кезекті кездесу өтті.
Қазіргі таңда аталған салада елеулі қауіп-қатерлер анықталған жоқ. Украина, Таулы Қарабақ және Таяу Шығыстағы оқиғаларға қатысты халықаралық қақтығыстарды талқылауда пайдаланушылар белсенділігінің төмендегені, онлайн форматтағы арандатушылық пікірталастар санының азайғаны байқалады.
2026 жылдың басынан бері елордадағы ұлтаралық ахуал тұрақты және құқық қорғау органдарының бақылауында. Сонымен қатар 2025 жылы ұлттық араздықты тудыру және азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау фактілері бойынша 12 қылмыстық іс тіркелген. Биыл осыған ұқсас тағы 5 іс тіркеліп, оларды тергеу жүргізіліп жатыр.
ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни араздықты қоздыруға бағытталған қасақана әрекеттер үшін, соның ішінде БАҚ пен интернет платформаларын пайдалану арқылы жасалған әрекеттер үшін жауапкершілік көзделген.
Қалалық прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитеті және полициямен бірлесіп, этносаралық қатынастар мен әлеуметтік-саяси шиеленістің ушығуына әкелетін ықтимал алғышарттардың алдын алу және уақтылы жолын кесу жұмыстарын үнемі бақылауда ұстап отыр.