Елордада педагогтердің кәсіби құзыреттерін дамытуға және жаңа буын тренерлер қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған Smart Ustaz атты тренинг өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz «El Umiti» корпоративтік қорына сілтеме жасап.
Қатысушылар қатарында – Маңғыстау, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген, конкурс арқылы іріктелген мұғалімдер.
«Smart Ustaz – білім сапасын арттыруға және мектептер арасындағы алшақтықты қысқартуға бағытталған жоба. Біз үшін басты мақсат – оқудан өткен әр педагог алған білімін әріптестерімен бөлісіп, мектептегі кәсіби ортаға үлес қосуы», - деп атап өтті «El Umiti» корпоративтік қорының директоры Асланбек Амрин.
Оның айтуынша, қазіргі білім беру жүйесінің басты міндеті – балаларды ойлануға, күмәндануға және жауаптарды өз бетінше іздеуге үйрету.
«Мен тарих пәнінің мұғалімімін, еңбек өтілім – 20 жыл. Олимпиада жеңімпаздарын дайындадым, енді өз тәжірибемді басқа мұғалімдермен бөліскім келеді. Бұл тренинг маған жаңа құралдар береді – фасилитациядан бастап менторлыққа дейін», - деді Екібастұз қаласындағы № 35 мектеп-гимназиясының мұғалімі Нурия Ахмедова.
Бағдарлама ересектерді оқыту әдістемесі, тренинг жобалау, фасилитация, коммуникация және ХХІ ғасыр дағдылары (soft skills) бойынша практикалық сабақтардан тұрды. Педагогтар топпен жұмыс жүргізу, аудиторияны ынталандыру, тиімді білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ күрделі жағдайларда топ динамикасын басқару сияқты кәсіби әдістерді тәжірибе жүзінде меңгерді.