Астанада «Өмір – ғайып» атты кітаптың таныстырылымы өтті

Бүгін, 21:02
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астанада «Өмір – ғайып» атты кітаптың таныстырылымы өтті
Фото: Astana-akshamy.kz

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Мирас-А» қайырымдылық қорының құрылтайшысы, QAZAQ инклюзив театрының бас продюсері әрі негізін қалаушы Жүзбай Серіктің «Өмірғайып» атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жаңа кітаптың тұсаукесеріне зиялы қауым және қайырымдылық ұйымдарының өкілдері, театр әртістері, шығармашылық жастар, сондай-ақ, автордың жақындары мен оқырмандары қатысты. Жазушы тастанды балалардың тағдыры арқылы адам жауапкершілігін, ата-аналық парыздың қасиетін, отбасы құндылығының маңызын айқын көрсетеді. Әрі автор үш отбасының тағдырын салыстыра отырып баяндайды.

«Жалпы, бұл кітабымда үш отбасының өмірі суреттеледі. Бірінші отбасы он жыл бойы сәби сүйе алмай, бір баланың іңгәлаған дауысын аңсап өтеді. Екінші отбасы дүниеге келген баласын тағдыр тәлкегіне тастап кетеді. Жоламан есімді бала өмір бойы анасын іздеп өтеді. Оны кезінде вокзалға тастап кеткен жерінен бөгде бір ата мен әже асырап алады. Жылдар өткен соң ана өз баласын тауып, тәубесіне келеді. Ал үшінші отбасы өз бауыр еті – баласын жетімдер үйіне тастап кетеді. Осы үш тағдырды салыстыра отырып, ата-аналарға ой салғым келді. Мұндағы мақсатым – ешбір ата-ана өмірдің қиындықтарынан қорқып, өз баласынан бас тартпаса екен, ата-ана мейірімінен айырылған жетімдер көбеймесе екен деген ізгі ниет», - деді кітап авторы.

Сонымен қатар, Жүзбай Серіктің айтуынша, автор бірнеше жылдан бері тастанды балалар мәселесімен айналысып келеді. Ол осы уақыт ішінде жүзден аса ананы баласын тастап кетуден тоқтатып, сәбилерді жетімдік тағдырдан аман алып қалған. Кеш барысында мазмұнды мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Ана мен бала тақырыбындағы әсерлі әндер орындалып, жүрекке жетерлік монологтар оқылды. Сондай-ақ кітапта баяндалатын негізгі оқиғалар сахналық көріністер арқылы көрермен назарына ұсынылды.