Астанада Момышұлы даңғылы бойында заманауи променад салынады

Бүгін, 08:31
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада Момышұлы даңғылы бойында заманауи променад салынады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, экобелсенділермен бірге жаңа «Самал» саябағы аумағында ағаш отырғызды. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Әкім Президентке қаланы абаттандыру жоспарын баяндаған. Оның сөзінше, биыл елордада шамамен 173 қоғамдық және аула аумағын абаттандыру, сондай-ақ 1,1 млн-нан астам жасыл желек (көшеттер, бұталар, гүлдер, ағаштар) отырғызу жоспарланған.

«Негізгі жобалардың бірі – «Самал» саябағы аумағын жайлы ету. Мұнда спорт алаңдары, су айдыны, серуендеу орындары, жаяу жүргіншілер көпірі, балаларға арналған ойын алаңдары, белсенді демалыс орнатуға арналған орындар және басқа да нысандар қарастырылған. Саябақ отбасылық, спорт және мәдени демалыс өткізуге арналған көпфункционалды аумақ ретінде жобаланып отыр. Ол қала тұрғындары үшін жаңа тартымды орталыққа айналады», деді Жеңіс Қасымбек. 

«Мыңжылдық» аллеясында үш жоба іске асырылады: Қуанышбаев атындағы театр алдында орналасқан сквер, вокзал маңындағы саябақ және «Нұрлы жол» вокзалының аумағы. Жұмыс аясында заманауи жаяу жүргіншілер маршруты, көгалдандырылған кеңістіктер және қаланың жаңа тартымды орындары ашылады.

«Greenline жаяу жүргіншілер желекжолының екінші кезеңінің құрылысы Төле би көшесінен Әнет Баба көшесіне дейін және Күлтегін көшесінен Айтматов көшесіне дейін жалғасады. Жоба аясында кешенді көгалдандыру, тоғандар жүйесі, ойын және спорт аймақтарын салу қарастырылған», деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ қалада көшелер мен даңғылдарды абаттандыру бойынша жергілікті жобалар да жүзеге асырылып жатыр.

«Кенесары көшесінің ұзындығы 1,25 км болатын аумағы абаттандырылады, ал Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион алдындағы жаңа аллея демалыс орны бар заманауи қоғамдық кеңістікке айналады. Момышұлы даңғылындағы ұзындығы 1,5 км болатын аумақта променад салынып, онда жаяу жүргіншілер маршруты, көгалдандыру және заманауи абаттандыру қарастырылған.

Абаттандыру жұмысы қаланың барлық ауданында жүргізіліп жатыр», деп жазды қала әкімі.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты.