Астанада Мәжіліс депутаттары оқытушылармен жаңа Конституция жобасын талқылады

Астанада Мәжіліс депутаттары оқытушылармен жаңа Конституция жобасын талқылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін Астана халықаралық университетінде жаңа Конституция жобасының негізгі ұстанымдары талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары  Екатерина Смолякова, Нұргүл Тау, Астана халықаралық университеті ректорының міндетін атқарушы Қайрат Әбдірахманов, Астана халықаралық университеті президенті Серік Ирсалиев және заңгерлер мен тарихшылар, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.

«Бұл – ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айшықтайтын тарихи құжат. Ата Заңымыздың преамбуласынан бастап, негізгі бөлімдеріне дейін өзгерістер енгізіліп отыр. Бұл – мемлекеттілігімізді заман талабына бейімдеудің жарқын көрінісі. Бұл жаңа өзгерістер Парламенттің өкілеттілігін күшейтуді, саяси жүйенің тиімділігін арттыруды көздейді. Сол арқылы заң шығарушы биліктің рөлін арттырып, өкілді органның Үкімет пен атқарушы билікке ықпал ету тетіктерін кеңейтуді мақсат тұтады. Бұл қадам халық үніне құлақ асуды, саяси шешімдерді қабылдауда қоғамның мүддесін кеңінен ескеруді күшейте түспек», – деді  Қайрат Әбдірахманов.

Еркін форматта өткен кездесуде жаңа Ата Заңға енгізілген өзгерістер жан-жақты әрі қызу талқыланды.

«Конституцияның преамбуласын ашқан кезде қақ ортасында адами капитал тұр. Оның басқа баптары адам төңірегінде шоғырланған. Адам, ғылым, инновация, технология, адами капитал - осы бес құндылық Конституциямен бекітілген. Бұл біздің Ата Заңда бұрын болмаған. Бұл дегеніміз даусыз бюджеттен ғылым-білімге, инновациялық жобаларға ақша бөлінеді деген сөз. Бұл жастар үшін  маңызды. Көпшілікпен кездесу барысында «Неге дәл қазір Ата заңға 80 пайыздан астам өзгеріс енгізу қажет?» деген сауал түседі. Оған былай жауап беруге болады: қазір әлем жылдам өзгеріп жатыр. Біз ескі ережемен жаңа әлемге кіре алмаймыз ғой. Әлеммен бірдей қадам жасау үшін ережелеріміз соған сай болуы қажет. Ал Конституция – ең негізгі ережелер. Ол заманға сай болуы керек. Сондай-ақ жаңа Конституцияда баланың, ананың, әкенің құқықтары мен жауапкершіліктері нақты белгіленген. Бұл да қажет. Себебі адами капитал отбасынан басталады», – деді Екатерина Смолякова.

Сондай-ақ жиында қоғам талқысына шығарылған Негізгі заңның жаңа жобасында преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар екені, жалпы мәтіннің 84 пайызы өзгеретіні, заң нұсқасының преамбуласы жаңадан жазылып шыққаны, елімізде жаңа саяси институт – Халық Кеңесі құрылатыны, Парламент бірпалаталы және оның атауы Құрылтай болатыны секілді маңызды ақпараттар айтылды.

Бұған дейін елорданың мәслихат депутаты «Астана тазалық» ұжымына Конституцияның жаңа жобасын түсіндіргенін жаздық.