Астанада мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия тапсырылды
Елордада мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны табыстау рәсімі өтті. Стипендияны Мемлекет басшысының атынан Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыс етті, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Әдебиет пен өнер саласындағы Президенттік стипендия отандық мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан тұлғаларға беріледі. Мемлекеттік стипендия тағайындалғаннан бері Қазақстан руханияты мен өнеріне еңбегі сіңген азаматтар марапатталды.
Биыл 75 адам мемлекеттік қолдауға ие болды.
Стипендиаттар қатарында танымал мәдениет майталмандары да, болашағынан үміт күттіретін дарынды жастар да бар.
Жыл сайын тағайындалатын бұл стипендия – мемлекеттің мәдениет және өнер қайраткерлеріне, шығармашылық қызметкерлеріне және жас дарындарға қолдауы мен қамқорлығының айғағы. Сондай-ақ, олардың ұлт мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан елеулі үлесіне көрсетілген құрмет.
Стипендиаттар қатарында Жандарбек Мәлібеков, Меруерт Өтекешова, Роза Мұқанова, Самал Еслямова, Ермек Асылханов, Қайрат Байбосынов және өзге де мәдениет қайраткерлері бар.
Сондай-ақ, жас таланттарға да ерекше назар аударылды. Олардың қатарында опера әншісі Мария Мудряк, театр актрисасы Алтынай Нұрбек, театр және кино актері Бәзіл Сұлтанғазы, актриса Екатерина Максим және басқа да өнер иелері бар. Қазірдің өзінде бұл азаматтар айтарлықтай жетістіктерге жетіп, қазақстандық мәдениетті халықаралық деңгейде насихаттап жүр.
Бұл қолдау өнерпаздардың кәсіби шеберлігін арттыруға, ұлттық мұраны сақтауға, еліміздегі мәдениет және өнер саласының дамуына ықпал етіп қана қоймай, тың идеялар мен жобалардың іске асуына септігін тигізеді.
Айта кетейік, Қазақстанда мәдениет саласы өкілдерін қолдаумен қатар, мәдени инфрақұрылымды нығайту және шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соңғы 5 жылда мәдениет пен өнер саласын қаржыландыру көлемі екі есе артты. Ел бойынша 150-ден астам жаңа мәдениет нысаны ашылды, оның ішінде 9 театр, 18 музей және 50-ден астам кітапхана бар. Сонымен қатар, 200 мың сақтау бірлігіне арналған 4 аудандық мемлекеттік архив ғимараты салынды. Бұдан бөлек, 11 мәдениет ұйымына «Ұлттық», ал 9 ұйымға «Академиялық» мәртебе берілді.
Әдебиетті дамыту саласы да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл салада 2023 жылы жас жазушылар мен ақындарды қолдау мақсатында құрылған Президенттік әдеби сыйлық, сондай-ақ 2022 жылы тағайындалған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы заманауи қаламгерлерді танытып, шығармаларынан насихаттауға мүмкіндік береді. Бүгінде аталған әдеби сыйлықтарды 40 адам иеленіп, мемлекет тарапынан қолдау тапты.
Баспа ісі саласы бойынша да бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтсақ, 2025 жылы таралымы 240 500 дана болатын 119 атаулы әдеби туында жарық көрді. Кітаптар еліміздегі көпшілікке қолжетімді кітапханаларға таратылды.
Сонымен қатар «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарын көркем шығармалар арқылы насихаттауға арналған «Ерлік пен еңбек дастаны» республикалық байқауы ұйымдастырылды.
Инфрақұрылымды жаңарту, шығармашылық қызметкерлерді қолдау елдің бірыңғай мәдени кеңістігін нығайтып, Қазақстанды халықаралық аренада мәдениеті мен өнері арқылы танытуға ықпал етеді.
Бұған дейін мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияға ие болғандар тізімі жарияланғанын жаздық.