Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ ғимаратында «Ұлы дала тарихының жазба мұралары» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының жазба мұрасын насихаттау, көпшілікке көне жәдігерлерді таныстырып, жазба мұралар арқылы ұрпақты елдік пен бірлікке тәрбиелеу.
Көрмеде VIII-IX ғасырлардағы руникалық жазумен көне түркі тілінде жазылған «Ырық бітік» кітабы, Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегі, «Оғызнама», «Кодекс куманикус», Құтбтың «Хұсырау-Шырын» дастаны, «Шаджаратул атрак», араб және парсы тілдеріндегі еңбектер таныстырылды.

Сонымен қатар А.Құнанбайұлының шығармалар жинағы, А.Байтұрсынұлының 1928 жылы жарық көрген «Тіл жұмсары», 1929-1940 жылдары латын қарпімен жазылған І.Жансүгіров, Б.Майлиннің шығармалары және өзге де сирек кітаптар қойылды.