Астанада көпқабатты үйден су толы пакет лақтырғандарға қатысты сот өтті
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына ұсақ бұзақылық фактісі бойынша О.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс келіп түсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz сотқа сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, О. мен А. тұрғын үйдің 8-қабатының балконында тұрып, көңіл көтеру мақсатында суға толтырылған пакеттерді жерге тастаған. Олар аталған әрекеттерімен қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын бұзған.
«Болған оқиғаны үй тұрғындарының бірі бейнежазбаға түсіріп, Instagram әлеуметтік желісіне орналастырған. Құқық бұзушылық фактісі оқиға орнындағы бейнежазбамен, инспектордың рапортымен, сондай-ақ құқық бұзушылардың өз түсініктемелерімен расталды. Сот отырысында құқық бұзушылар өз кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкініш білдірді», - делінген хабарламада.
ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігінің санкциясында 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу көзделген.
Соттың қаулысымен О. және А. ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
Кәмелетке толмаған А.-ға қатысты 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды, айыппұл оның заңды өкілдеріне жүктелді. О.-ға қатысты 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік жаза тағайындалды.
Сот қоғамдық орындарда жасалған, қоғамға деген айқын құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттің сипаты мен қауіптілік дәрежесін ескере отырып, жазаны белгіледі.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.