Астанада коалиция өкілдері Ұлттық ғылыми медициналық орталық қызметкерлерімен кездесті

Астанада коалиция өкілдері Ұлттық ғылыми медициналық орталық қызметкерлерімен кездесті
Фото: Elordainfo.kz/Салтанат Мұратқызы

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында елордадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталық қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесу барысында Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай және Астана қалалық мәслихатының депутаттары сөз сөйлеп, Конституция жобасының маңыздылығын түсіндірді.

Диалог алаңының модераторы Астана қаласы мәслихатының депутаты Азамат Айтхожин алғашқы сөзді Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбайға ұсынды.

«Соңғы қабылданған заңдардың ішінде қоғамда көп алаңдаушылық туғызған медицина мамандарының қауіпсіздігіне қатысты заң туралы айтқанды жөн көремін. Қабылданған бұл заң кәсіби мамандарымызды қорғаудың кепілі болады деп ойлаймын. Бұдан басқа, жалпы медицина саласында жалақыны көтеруге, әлеуметтік қамтамасыз етуге қатысты көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Ал талқыланып жатқан Конституциямыздағы медицина мамандарына қатысты арнайы әлеуметтік бағыттағы баптардың қоғамдағы, мемлекеттегі, келешектегі негізгі маңызды тетіктер екені бұған дейін де айтылды. Яғни медицина мамандары үшін арнайы сақтандыру бағытындағы баптардың енгізілуі мамандарға болашақта да жақсы жұмыс істеуге мүмкіндік беретіні анық. Өздеріңіз білесіздер, Конституция жобасы аяқ астынан пайда болған жоқ. Бес жыл бойы Ұлттық құрылтайда еліміздегі негізгі саяси реформалардың  алғышарты болатын мәселелер талқыланды. Негізгі құндылықтар қандай болатынын, мемлекетіміз қай бағытқа баратынын айқындадық. Тек қана Ұлттық құрылтай көтерген мәселелер бойынша бұған дейін 26 заң қабылданған болатын. Ата заңның 80 пайызы өзгереді деп айттық, ол туралы сіздер зиялы қауым ретінде танысып шықты деп ойлаймын. Дін, экология, сөз бостандығы, жауапкершілік, тағы да басқа мәселелер бойынша көптеген ауқымды да маңызды өзгерістер енгізіледі», - деген Бибігүл Жексенбай референдумға ұсынылып отырған жаңа Конституция негізгі құндылығымызды көрсететін ең басты халықтық құжатымыз екенін айтты.

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық штабының мүшесі, Астана қаласы мәслихатының депутаты Адамбек Кендебай жаңа Конституцияны қабылдаудың қажеттілігін түсіндірді.

«Осы 30 жылдың ішінде Конституцияға мыңнан аса нормасын қамтыған бірқатар өзгеріс енді. 2022 жылы отыздың үстінде бапқа өзгеріс енді. Жасыратыны жоқ, қазіргі Конституция баптары заман талаптарынан қалып қойды. Ал жаңа Конституцияның ең негізгі тірегі – адам. Адамның бостандығы, адамның құқығы Ата заң жобасы ішінде «қызыл жіппен» өріліп отырады. Конституцияның құндылығы осында. Бұл преамбуланың өзінен айқындалып көрініп тұрады. Конституцияның жаңартылуы біздің елімізге жаңа леп береді деп ойлаймын. Өйткені өткеніміздің бәрін сараптадық және алдағы бағытымызды нақтылап отырмыз», - деді Адамбек Кендебай.

Сөз соңында коалиция өкілдері медицина мамандарын жаңа Конституцияны қолдауға шақырып, референдумға бірауыздан қатысуға үндеді.