Астанада «KAZLEASING – 2026» конференциясында лизинг нарығының жаңа мүмкіндіктері талқыланды

Астанада «KAZLEASING – 2026» конференциясында лизинг нарығының жаңа мүмкіндіктері талқыланды
Фото: Өнеркәсіп комитеті

Астанада Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің қатысуымен II қазақстандық «KAZLEASING – 2026: Лизингті трансформациялау: бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» конференциясы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп комитетіне сілтеме жасап.

Іс-шара барысында вице-министр «Тапсырыс беруші нені күтеді?» атты стратегиялық сессияда сөз сөйлеп, лизинг нарығын дамыту, кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту және мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды.

«Бүгінде лизинг қаржылық құрал ғана емес, өнеркәсіпті жаңғырту мен кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды тетігіне айналды. Мемлекет өндірісті дамытуға инвестиция тартатын ашық әрі бәсекеге қабілетті нарық қалыптастыруға мүдделі», – деді Олжас Сапарбеков.

Конференцияға мемлекеттік органдар, лизингтік және қаржы ұйымдары, даму институттары, техника өндірушілер мен IT саласының өкілдері қатысты. Жиын кәсіби пікір алмасып, саланың өзекті мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналды.

Іс-шара аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «KAZLEASING» қауымдастығы ұйымдастырған марапаттау рәсімі өтті. Онда елдегі лизинг саласының дамуына үлес қосқан компаниялар мен мамандар марапатталды.

Конференция барысында лизингтің экономиканы жаңғыртудағы, инвестиция тартудағы және бизнестің заманауи қаржылық құралдарға қолжетімділігін арттырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ өндірістік қорларды жаңарту, цифрландыру, автоматтандыру, ESG қағидаттарын енгізу және мемлекеттік қолдау аясында алынған техниканы бақылау тетіктері талқыланды.

Сарапшылардың пікірінше, лизинг нарығының дамуы өнеркәсіпті жаңғыртып, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға тікелей ықпал етеді.

Бұған дейін Олжас Бектенов халықаралық сарапшылармен инвестициялар ағынын ұлғайту жөніндегі шараларды талқылаған болатын.