Астанада кәсіпкерлер жаңа Конституция жобасын талқылады

Астанада кәсіпкерлер жаңа Конституция жобасын талқылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Астана қаласы бойынша Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанаргүл Құлмағамбетова елордадағы Comfort Hotel Astana қонақ үйінің ұжымымен кездесіп, ҚР Конституциялық реформаларын талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Өздеріңіз білетіндей, жыл сайынғы Жолдау аясында 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті бірпалаталы Парламентке көшу көзделген конституциялық реформаны өткізуді ұсынды. 2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойылды. Оның құрамына жетекші құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар фракцияларының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді. 21 қаңтарда 130-дан астам сарапшыдан құралған Конституциялық комиссия құрылды. Ал 11 ақпанда Президент 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын», - деді Жанаргүл Құлмағамбетова.

Жанаргүл Жұмабайқызы қазіргі Конституция жобасын 130-дан астам азамат әзірлегенін айтты. Олардың қатарында депутаттар, жазушылар, ақындар, филологтар, журналистер және т.б. бар.

«Жаңа Конституцияда «Миранда» ережесі бойынша әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері және оның құқықтары түсіндіріледі.

Ұсталған адамның, күдіктінің, айыпталушының тиісінше ұсталған, күдікті ретінде танылған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокат (қорғаушы) көмегiн пайдалануға құқығы бар. Сондай-ақ әр адамға жеке бас бостандығы мен жеке басына қол сұғылмау құқығына кепілдік беріледі», - деді спикер.

Жаңа Конституцияда «Парламент» бөлімі «Құрылтай» деп аталады. Ол бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады.

Сондай-ақ мұнда қоғам талқысына шығарылған Конституция жобасында преамбула, 11 бөлім және 96 бап бар, жалпы мәтіннің 84 пайызы өзгеретіні және преамбуласы жаңадан жазылып шыққаны айтылды.

Тағы бір айта кетерлігі, елімізде жаңа саяси институт – Халық кеңесі құрылады.

«Жаңа Конституцияда мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені нақты жазылған. Адам, ғылым, инновация, технология, адами капитал, яғни осы құндылықтар Конституциямен бекітілген. Зияткерлік меншік заңмен қорғалады. Сондай-ақ заңда әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар екені, барлық меншік (субъектілер мен объектілер) түрі тең қорғалатыны заңда нақты айқындалған. Осы жағынан кәсіпкерлер қорғалған. Бұл – өте маңызды жайт. Сондай-ақ жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі», - деді Жанаргүл Жұмабайқызы.

Сондай-ақ отырыста неке және отбасы мемлекет қорғауында, неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы екені айтылды.