Осы жылдың басынан бері iKOMEK109 қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы алғашқы қоңыраудан-ақ 1 557 708 консультативтік өтінішті қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
10 ай бойынша атқарылған жұмыс қорытындысын орталық басшысының орынбасары Асылбек Темешбеков Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
Бүгінде iKOMEK109 қаланың 23 басқармасын, 6 аудандық әкімдікті, 25 коммуналдық қызметті, 79 лифт шаруашылығын және 1 372 көппәтерлі тұрғын үйге қызмет көрсететін ұйымды біріктіріп отыр. Орталықтың негізгі міндеті – елорданың тіршілігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тұрғындардың өтініштерін жедел қабылдау, өңдеу және орындалуын бақылау.
iKOMEK109 құрылған күннен бастап 16 миллион 229 мың өтініш өңделген. Ал 10 айдың қорытындысы бойынша 1 557 708 өтініш алғашқы қоңырау барысында-ақ шешілген. Ең көп өтініш түскен бағыттар:
• Денсаулық сақтау – 565 604 өтініш;
• Қоғамдық көлік – 228 811 өтініш;
• Қаланы электрмен жабдықтау – 120 605 өтініш;
• Қалалық орта – 113 743 өтініш;
• Бірыңғай төлем құжаты – 109 091 өтініш;
• Білім беру – 78 761 өтініш;
• Жол инфрақұрылымы – 64 022 өтініш;
• Қоғамдық тәртіп – 38 883 өтініш;
• Тұрғын үйлерді сумен жабдықтау – 33 757 өтініш;
• Қалалық сумен жабдықтау – 32 186 өтініш.
«10 айда 308 428 жағдайды тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 19%-ға төмен. Ол – бұл жауапты қызметтердің назарын және араласуын талап ететін оқиға туралы тұрғынның өтініші.
Олардың азаюы қала тұрғындарының iKOMEK арқылы көтерген мәселелері жедел шешіліп жатқанын білдіреді», - деді спикер.
Орталықтың негізгі мақсаты – тұрғындардың өтініштерін қашықтан жылдам әрі тиімді шешу. Осы мақсатта омниканалды қызмет енгізілген, бұл тұрғындарға өтінішті әртүрлі тәсілмен жолдап, оның мәртебесін бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда өтініштердің 22%-ы балама цифрлық сервистер арқылы түседі.
1-0-9 қысқа нөмірінен бөлек, өтінішті келесі арналар арқылы беруге болады:
1. Telegram-бот
2. astana.gov.kz сайты
3. iKOMEK109 мобильді қосымшасы
4. Facebook әлеуметтік желісі
5. Instagram әлеуметтік желісі
6. Электрондық пошта: 109@ikomekastana.kz
iKOMEK109 мобильді қосымшасының пайдаланушылары – 99 мың адам.
«Тұрғындардан Telegram-бот пен мобильді қосымшаны жиірек пайдалануды сұраймыз. Бұл қызмет мәселені толық сипаттап, фото және видео тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде call-орталық операторларының жүктемесін азайтады», - деді Асылбек Темешбеков.
iKOMEK қала аумағындағы 12 мыңнан астам бейнебақылау камерасына қосылған. Камералар балабақшаларда, мектептерде, емханаларда және өзге де нысандарда орналасқан. Негізінен жол учаскелері, қиылыстар, адамдар көп шоғырланатын орындар – сауда орталықтары, мешіттер, ірі автобус павильондары, вокзалдар қамтылады.
Сонымен қатар операторлар қалалық бейнебақылау жүйесі арқылы маусымдық мәселелерді анықтайды: уақытылы жиналмаған қар, су тасқыны немесе жаңбыр кезіндегі су жиналу жағдайлары, ашық құдықтар және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты өзге де жағдайлар.
Барлық анықталған жағдайлар коммуналдық қызметтермен жедел түрде үйлестіріледі. Қала қауіпсіздігін тиімді бақылау үшін орталықта Астана полиция департаментінің қызметкерлері де жұмыс істейді. 2025 жылдың басынан бері барлығы 20 458 құқықбұзушылық анықталды:
• ст. 615 бойынша – 3 506 құқықбұзушылық;
• ст. 440 бойынша – 291;
• ст. 505 бойынша – 409;
• ст. 204 бойынша – 24.
«Қаладағы өзекті мәселелердің бірі – стихиялық қоқыс үйінділері. Бұл бағытта Ахуалдық орталық тиімді жұмыс жүргізіп келеді. 2025 жылдың басынан бері 656 ауыр жүк көлігінің иесі белгіленбеген жерге қоқыс төккені анықталды», - деп толықтырды спикер.