Астанада геология саласының цифрлық трансформациялануы талқыланды
Бүгін Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен геология саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері бойынша кеңесі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Талқылауға Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ұлттық IT-холдингтердің өкілдері, сондай-ақ халықаралық және отандық технологиялық компаниялардың сарапшылары қатысты.
Жер қойнауын пайдалануға зияткерлік шешімдерді интеграциялау жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың геологияны жедел цифрландыру және өнеркәсіп секторында жоғары технологиялық экожүйе құру жөніндегі тікелей тапсырмасын орындау аясында жүргізілуде.
Жоба еліміздегі барлық геологиялық деректердің кемінде 90%-ын қамту үшін Big Data, машиналық көру және предиктивті аналитиканы біріктіретін Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын дамытуға бағытталған.
Кездесу барысында «EPAM Kazakhstan» ЖШС өкілдері ақпаратты өңдеу және сақтау үшін ішкі жүйелерді әзірлеу барысы туралы есеп берді: қазіргі уақытта 1 терабайттан астам дерек өңделіп, ЖИ-шешімінің прототипі іске қосылған.
«Terra GeoCube» компаниясы жерсеріктік түсірілімдер мен тарихи мұрағаттарды талдау негізінде геологиялық барлау үшін перспективалы аймақтарды анықтауға мүмкіндік беретін «GeoCube» моделін таныстырды. Бұл далалық шығындарды азайта отырып, жаңа кен орындарын табу ықтималдығын айтарлықтай арттырады.
Қатысушылар инфрақұрылымдық мәселелерге ерекше назар аударды. Жиналған 500 терабайт деректі өңдеу үшін байланыс арналарын 25 Гбит/с дейін жаңғырту және Alem.cloud базасында қуаттылықтар бөлу қажет. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ға жобаны қажетті ресурстармен, соның ішінде мамандандырылған графикалық процессорлармен (GPU) және көлемі 2 петабайтқа дейінгі дискілік кеңістікпен қамтамасыз ету тапсырылды.
Кездесуді қорытындылай келе, Жаслан Мәдиев бұл бастаманың ел экономикасы үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті:
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында біз экономиканың негізгі салаларының біріне ертеңгі күннің технологияларын практикалық енгізуге көшіп жатырмыз. Геологияда жасанды интеллектіні пайдалану - бұл жай ғана автоматтандыру емес, ресурстарды іздеу уақытын бірнеше есе қысқартуға және инвесторлар үшін процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тікелей экономикалық тиімділік құралы. Біздің міндетіміз - жоба саланың цифрлық трансформациясының эталонына айналуы үшін инфрақұрылымдықтан бастап реттеушілікке дейінгі кез келген кедергілерді жою».
Кеңес қорытындысы бойынша «Astana Hub» АКТ-ға 2026 жылдың 1 маусымына дейін жоба бойынша барлық қажетті келісімдерге қол қоюды жеделдету тапсырылды. Әкімдіктер мен бейінді ведомстволарға жер қойнауын пайдаланудағы шектеулер қабаттары бойынша өзекті деректерді жедел ұсыну нұсқаулығы берілді.
Еске сала кетейік, Қазақстан Дүниежүзілік банкке тұрақты экономикалық өсу жөніндегі конференция өткізуді ұсынды.