Астанада этномәдени бірлестік өкілдері жаңа Конституция жобасын талқылады

Бүгін, 16:23
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада этномәдени бірлестік өкілдері жаңа Конституция жобасын талқылады
Фото: Астана қаласы «Достық үйі» КММ

Астанадағы Достық үйінде этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараға азаматтық сектор өкілдері, қоғам белсенділері мен сарапшылар қатысты.

Кездесуді «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық филиалы ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтық қоғам институттарымен ашық пікір алмасу, қоғамдық бастамаларды қолдау және өзекті әлеуметтік-құқықтық мәселелерді түсіндіру болды.

Диалог алаңына заң ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамаладен Ибрагимов, қоғам қайраткері Фарида Даримова және Respublica партиясының өкілі Тоғжан Балисан қатысты.

Кездесу барысында конституциялық реформалардың негізгі бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, қоғамдық институттардың рөлін арттыру және азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері түсіндірілді.

Сарапшылар құқықтық мәдениетті арттыру, қоғамдық диалогты дамыту және этномәдени бірлестіктердің елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызына ерекше тоқталды.

Іс-шара ашық форматта өтіп, қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, азаматтық қоғам өкілдерімен өзара тиімді диалог орнату және конституциялық реформалардың маңызын түсіндіру бағытында жүйелі түрде жүргізілетін болады.