Елордада «Астана — есірткісіз қала» велошеруі өтеді
20 маусым күні Астанада салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Астана — есірткісіз қала» акциясы аясында ауқымды велошеру өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясына сілтеме жасап.
Іс-шараға қатысушыларды онлайн тіркеу 18 маусым күні сағат 09:00-де басталып, 19 маусым күні сағат 18:00-де аяқталады. Тіркелу reg.elordasport.kz платформасы арқылы жүзеге асырылады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, велошеруге қатысушылар саны 800 адаммен шектеледі. Онлайн тіркеуден өте алмаған тұрғындар жарыс күні сағат 07:30-дан бастап іс-шара өтетін жерде тіркеле алады.
Онлайн тіркелген қатысушыларға лотерея билеттері 20 маусым күні сағат 07:30 мен 09:00 аралығында таратылады.
Велошерудің басталуы сағат 09:00-ге жоспарланған. Қатысушылар «Астана орманы» жасыл белдеуінде Қосшы – Үркер бағыты бойынша 21 шақырым қашықтықты жүріп өтеді. Іс-шараға қатысу тегін.
Велошеру Астана қаласы әкімдігінің, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының және Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар елорда тұрғындары мен қонақтарын спорттық шараға қатысып, салауатты өмір салтын қолдауға шақырды.
Еске салсақ, биыл елімізде 20-ға жуық халықаралық спорт жарысы өтеді.