Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Ән әлемі тәлімгері» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Концерттік бағдарламада «Туған жер», «Шашбаулым», «Көзіңнен айналайын», «Ауылым», «Қараша қаз қайдасың», «Елге сәлем», «Жайлауда», «Менің дағы бір аққуым бар шығар», «Сағындым Алматымды» және т.б. шығармалар орындалды.

Іс-шараға Бағдат Сәмидинова, Алма Аманжолова, Әлішер Кәрімов, «МузАРТ» тобы, Тоқтар Серік және Бейбіт Сейдуалиева, «MELOMEN» тобы, Бейбіт Мұсаев, Ернар Айдар, Төреғали Төреәлі, Ұлболсын Кенжебайқызы, Ибраһим Амин, Талғат Аллабиринов, Айбек Абдыашимұлы, «Astana Musical» мемлекеттік театры, «Күреңбел» триосы және т.б. қатысты.

Концерт «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі және «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен өтті. Шығармашылық кештің көркін «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдерінің хореографиялық композициялары келтірді.

Айта кетейік, қазақ музыка мәдениетінің көрнекті тұлғаларының бірі Алтынбек Қоразбаев күнделікті өміріміз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған әндерді жазды. Оның музыкасы – Отанға деген шексіз махаббатты, дәстүрлерге құрметті және ұлттық рухтың мықты бейнесін көрсетеді.