Астанада алғашқы дауыс берген тұрғынға сыйлық табысталды

Астанада алғашқы дауыс берген тұрғынға сыйлық табысталды
Фото: Әлия Алауханова

Астана қаласы «Алматы» ауданындағы №54 сайлау учаскесінде орналасқан Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясында дауыс беру таңертеңгі сағат жетіден басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Учаскеге ерте келген тұрғындар алғашқы минуттардан-ақ өз таңдауын жасап, маңызды саяси науқанға белсенді түрде қатысып жатыр.

Дауыс беру басталысымен учаскеге келген алғашқы тұрғындардың бірі – «Алматы» ауданының тұрғыны Болысбек Қонысбекұлы болды. Учаске қызметкерлері оны алғашқы дауыс берушілердің бірі ретінде құттықтап, арнайы сыйлық табыстады. 

Өз кезегінде тұрғын ел үшін маңызды кезеңде азаматтық борышын орындауға ерте келгенін айтты.

«Таңғы сағат 07:00 шамасында арнайы келіп, еліміз үшін аса маңызды кезеңде дауыс беруді жөн көрдім. Сайлау учаскесінің қызметкерлері мені алғашқы дауыс бергендердің бірі ретінде арнайы сыйлықпен қуантты. Осындай игі бастама ұйымдастырып, тұрғындарға қолдау көрсетіп жатқан «Алматы» ауданының әкімдігіне алғысымды білдіремін. Халыққа әрдайым жанашырлық танытып, көмегін тигізіп жүргеніне ризамын», - деді Болысбек Қонысбекұлы.

Айта кетейік, елордадағы сайлау учаскелерінде дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Тұрғындар күні бойы келіп, өз таңдауларын жасауға мүмкіндік алады.