Астанада Әл-Фараби даңғылының бір бөлігі уақытша жабылады

Бүгін, 08:53
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада Әл-Фараби даңғылының бір бөлігі уақытша жабылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Тәуелсіздік даңғылын (Әл-Фараби) жалғастыру құрылысы» жобасын іске асыру аясында 25 мамырдан бастап жылдың соңына дейін Әл-Фараби даңғылы мен Ф.Оңғарсынова көшесінің қиылысында көлік қозғалысы толықтай жабылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Көлік құралдарының бұрылуы Әл-Фараби даңғылы бойымен, сондай-ақ Ф.Оңғарсынова көшесі бойымен аталған қиылысына дейін орындалады.

Бұдан бөлек, осы жылдың 14 мамырынан бастап Әл-Фараби даңғылы мен Хусейн бен Талал көшесінің қиылысында қозғалыс уақытша жабылады.

«Бұл учаске құрылыс аймағы болып саналады және қазіргі уақытта асфальт төсемі жоқ, сондықтан көлік қозғалысы қарқыны төмен. Осыған байланысты көлік құралдарының бұрылуы да аталған қиылысына дейін ұйымдастырылады. Жүк көліктерінің өтуі қамтамасыз етіледі, алайда жұмыстардың жекелеген кезеңдерінде уақытша шектелуі мүмкін.

Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге маршруттарын алдын ала жоспарлап, балама жолдарды қолдануды сұраймыз», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Астанада «Нұрлы жол» вокзалына қатынайтын екі автобустың жүру бағыты өзгерді.