Астана-Ұланбатыр, Өскемен-Өлгей бағыттарындағы әуе рейстері ашылады

Астана-Ұланбатыр, Өскемен-Өлгей бағыттарындағы әуе рейстері ашылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы Қазақстан мен Моңғолия президенттерінің БАҚ өкілдеріне арналған брифингінде айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

«Жол екі ел арасындағы өзара байланыс көзі, тығыз қарым-қатынас кепілі екені белгілі. Біз бұл мәселенің аса өзекті екенін жақсы түсініп отырмыз. Сондықтан Хурэлсух мырза екеуіміз Қазақстан мен Моңғолия арасында төте жол ашуға мүдделі екенімізді растадық. Кездесу барысында елдерімізді жалғайтын автокөлік жолын салу жөнінде ортақ келісімге қол жеткіздік. Бұл – әрине, жан-жақты сараптап, мұқият зерделеуді қажет ететін күрделі мәселе. Десек те, ең бастысы, жол құрылысы бойынша мақсатымыз – бір. Сол себепті біз құрметті Президент мырзамен жасалған уағдаластыққа сәйкес алдымен бірлескен Үкіметаралық жұмыс тобын құру туралы шешімге келдік. Аталған жұмыс тобы осы мәселе бойынша барлық түйткілді қарайды, көршілес елдермен келіссөздер жүргізеді және жалпы жобаның уақтылы орындалуын қадағалайды. Алдағы уақытта Қазақстан – Моңғолия автожолы елдеріміздің арасындағы сауда-саттықты арттыруға ерекше серпін беретіні анық», - Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы былтыр Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Саммитінде «Трансалтай сұхбат алаңын» құруды ұсынғанын жеткізді. Онда төрт елдің көлік-логистика әлеуетін бір арнаға тоғыстыру, бірлесе жұмыс істеу көзделген. 

«Сонымен бірге әуе қатынасын жандандыру маңызды. Қазір «Алматы – Ұланбатыр» бағытында тұрақты рейстер бар. Көп ұзамай «Астана – Ұланбатыр» әуе қатынасы қайта ашылады. Бұдан бөлек, біз осы сапар аясындағы келіссөздер нәтижесінде «Өскемен – Өлгей» бағыты бойынша әуе қатынасын орнату жөнінде нақты келісімге келдік. Бұл маңызды шешімнің арқасында ынтымақтастығымыз одан әрі нығайып, аймақаралық байланыстарымыз тың серпінмен дами түсері сөзсіз. Бұл тұста да Моңғолия елінің басшысы – құрметті Хурэлсух мырзаға және моңғол тарапынан осы мәселені шешуге атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын», – деді Қазақстан Президенті.

Еске сала кетсек, Баян-Өлгейде Қазақстанның консулдығы ашылады.