«Астана су арнасының» қызметкерлеріне жаңа Конституция жобасы түсіндірілді

«Астана су арнасының» қызметкерлеріне жаңа Конституция жобасы түсіндірілді
Фото: коалиция

Елордадағы «Астана су арнасы» кәсіпорнының еңбек ұжымымен жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған мазмұнды кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараға Жалпыұлттық коалиция өкілдері Мирас Шекенов, Юсуп Келигов, Бибігүл Искакова және Астана қаласы Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Олжабек Бейсов, кәсіпорынның 100-ден астам қызметкері қатысты.

Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Ата Заң жобасының мазмұны, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қатысты нормалар, сондай-ақ алдағы республикалық референдумның маңызы туралы ақпарат берілді. Спикерлер Конституциялық өзгерістер қоғам өмірінің түрлі саласына әсер ететінін атап өтті.

Жиында AMANAT партиясының өкілі Мирас Шекенов Конституцияның мемлекет пен азамат арасындағы қатынастарды айқындайтын негізгі құжат екенін атап өтті.

«Конституция – еліміздің құқықтық жүйесінің іргетасы. Оның мазмұны қоғамның дамуына сәйкес жаңарып отыруы тиіс. Сондықтан жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаларын халыққа түсіндіру және ашық пікір алмасу маңызды», – деді Мирас Шекенов.

Өз кезегінде қоғам белсендісі Юсуп Келигов жаңа Конституция жобасының азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

«Негізгі заңдағы әрбір өзгеріс азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге және мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті нақтылауға бағытталған. Сондықтан мұндай мәселелерді еңбек ұжымдарымен бірге талқылау маңызды», – деді ол.

AMANAT партиясының белсендісі Бибігүл Искакова да алдағы референдумның маңызына тоқталып, азаматтардың белсенді қатысуы маңызды екенін айтты.

«Референдум – әр азаматтың өз таңдауын білдіруге мүмкіндік беретін маңызды демократиялық құрал. Сондықтан қоғам мүшелерінің жаңа Конституция жобасымен танысып, өз пікірін білдіруі өте маңызды», – деді ол.

Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлерін білдірді. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, «Астана су арнасы» кәсіпорнының үш сорғы-сүзгі станциясының жалпы қуаттылығы – тәулігіне 410 мың текше метр. Профицит – 50 мың текше метр. Яғни елорда қазіргі таңда тәулігіне 360 мың текше метр су қолданады. Ал кәсіпорында 2500-ден астам адам еңбек етеді.