Астана полицейлері ІІМ чемпионатында жүлделі орындарға ие болды
Талдықорған қаласында өткен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жауынгерлік қарудан ату бойынша республикалық чемпионатында Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жүлделі орындарға ие болып, жалпыкомандалық есепте екінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәстүрлі додаға еліміздің барлық өңірінен 28 команда мен 100-ге жуық полиция қызметкері қатысты. Қатысушылар тапанша және автоматтан ату бойынша бақ сынап, мергендік пен кәсіби шеберліктерін көрсетті.
Чемпионаттың мақсаты – полиция қызметкерлерінің жауынгерлік және атыс даярлығын жетілдіру, кәсіби біліктілігін арттыру және үздік мергендерді анықтау.
Жарыс қорытындысы бойынша Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының кезекші инспекторы Әлфия Рахметова ПМ-5 жаттығуында қарсыластарынан басым түсіп, І орынды иеленді.
Сондай-ақ оқу-жаттығу ротасының аға инспекторы Нұрсұлтан Дәуренбеков АК-3 жаттығуында үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды.
Жалпыкомандалық есепте Астана қаласы Полиция департаментінің құрамасы күміс жүлдені жеңіп алды.
Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, бұл нәтиже елордалық полицейлердің жауынгерлік даярлығының жоғары деңгейін, қарумен жұмыс істеудегі кәсіби шеберлігі мен командалық үйлесімінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұған дейін полиция көшедегі күмәнді QR-кодтардан сақ болуға шақырғанын жазғанбыз.